Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Парламент делегациясы Мәскеуде өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің кезекті отырысына қатысты.
Жиында сөз сөйлеген спикер Қазақстанның ұйымға төрағалық еткен кезінде ұйым мүдделі елдермен және қауіпсіздік саласында жұмыс істейтін халықаралық құрылымдармен ынтымақты нығайтқанын айтты. Соңғы жылдары Ассамблея ұжымдық қауіпсіздіктің маңызды аспектілерін қамтитын бірқатар модельдік заңнамалық акті қабылдады. Атап айтқанда, ақпараттық және биологиялық қауіпсіздік, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес, есірткі саудасына тосқауыл қою туралы құжаттар. Отырыс соңында алдағы мерейтойға орай Парламенттік Ассамблеясының үндеуі қабылданды.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы :
Әріптестерімізбен бірлескен үйлесімді жұмыстың нәтижесінде Қазақстан Республикасы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына төрағалық еткен кезеңде ұйым алдында тұрған барлық міндет толық орындалды. Астанада өткен кездесуде елдеріміздің көшбасшылары Қазақстанның төрағалығы барысында атқарылған іс-шараларға жоғары баға беріп, ұйымды одан әрі дамытуға бағытталған маңызды құжаттар қабылдады. Біз серіктестерімізге бұл құжаттардың табысты жүзеге асуына қолдау көрсеткені үшін ризашылығымызды білдіреміз. Ортақ мүдделерімізді ескере отырып, ҰҚШҰ Парламенттік өлшемін кезең-кезеңімен дамыту мен нығайту бағытындағы жұмысымызды жалғастырамыз.
Индира Бегайдар