Таразда телефоны бар оқушы сабаққа кіргізілмейді. Мектептерде мобильді құрылғыларды салып қоятын сейфтер жасау қолға алына бастады. Ағарту ошағының ұстаздары сабағы басталар алдында балалардың байланыс құралын жаппай жинап алады.
Сөйтіп мүлік иелерінің көзінше тақта жанындағы сейф сақтағышқа кілттеп қояды. Ал Төле би атындағы №8 мектеп гимназия бұл бастаманы екі жыл бұрын ең бірінші енгізді. Содан бері мектеп оқушылары республикалық және халықаралық олимпиадаларда көш басында келеді. Облыстағы үздік үштікке де енген. Жуырда бұл үрдіске №61 мектеп те көшті. Ал салалық министрлік 2021 жылы сабақта смартфон пайдалануға тыйым салуды арнайы бұйрықпен бекіткен болатын. Бірақ бұл барлық жерде бірдей орындалмайтын. Өйткені оқушы құрылғысын қалтасында не сөмкесінде сақтайтын. Енді Тараз мектептерінің тәжірибесіне аудандық білім ұялары да көше бастады.
Раушан Селеубаева, Төле би атындағы №8 мектеп гимназия директорының міндетін атқарушы:
Осы телефон жинағалы балалардың милары да тынық, сабаққа деген зейіндері де өте жақсы бола бастады. Бұрынғы кезде сабақта отырып, бір біріне смс жазып сөйтетін, қазір ондайлары жоқ. Телефон арқылы тест алған кезде мұғалімнің айтуымен ғана рұқсат беріледі.
Данияр Әлімқұл