Биыл адам саудасына қатысты 200-ге жуық қылмыс тіркелген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл адам саудасына қатысты 200-ге жуық қылмыс тіркелген

10.12.2024

Елімізде жыл сайын адам саудасына қатысты 100-ден астам қылмыстық іс тіркеледі. Бұл туралы Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен өткен халықаралық Адам құқықтары күніне арналған жиында айтылды.

Бас қосқандар Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының маңызын, Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың халықаралық және ұлттық стандарттары мен тетіктерін талқылады. Әсіресе адам саудасына баса мән берілді. Былтыр 150-ге жуық дерек анықталса, биыл 200-ге жуықтаған. 113 факті бойынша сот үкімі шығып, қылмыскерлерлер сотталды.

Тастемір Әбішев, ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары:

Адам саудасы адам құқықтарын бұзудың ең осалы, ең жаман түріне жатады. Жылына ІІМ мәліметі бойынша, 100-дей қылмыстық іс қозғалады. Адам саудасының құрбандарына 8 әртүрлі әлеуметтік көмек көрсетеді.

Аталған фактілер ел ішінде тіркелген. Ал сырт елде адам саудасының құрбаны болған қазақстандықтар жоқ. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, бұл құзырлы органдардың қарқынды жұмысының нәтижесі. Сондай-ақ биыл қабылданған «Адам саудасына қарсы күрес туралы» заңда қылмысты ұйымдастырушыларға берілетін жаза 18 жылға ұзартылған. Құжатта жәбірленушілерді қолдау мәселесі де қамтылып отыр. Қазір елде адам саудасы құрбандарына көмектесетін орталықтар жұмысын бастады. Онда оңалту, заңдық, медициналық әрі материалдық көмек көрсетіледі.

Шынар Көшербаева, ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті басшысының орынбасары:

Жыл басынан бері тіркелген қылмыс саны 200 шамасында. Адам саудасының түрі көп. Ол іс жүзінде жыныстық және жұмысқа жегумен шектелмейді. Адам ағзасын сату, адамды қайыршылықпен айналысуға мәжбүрлеу де адам саудасы болып есептеледі. Жалпы қазір халықаралық және жекелеген ұйымдармен бірлесіп, аталған қылмыспен күрес қарқынды жүріп жатыр.

Динара Жарқынбек

Хабарламаларға жазылу