Израиль Асад әскерінің базаларына соққы беріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Израиль Асад әскерінің базаларына соққы беріп жатыр

10.12.2024

Израиль армиясы Башар Асад билігі құлағалы Сирияға әуеден соққы беріп жатыр. Ресми Тель-Авивтің мәлімдеуінше, бұл операцияның мақсаты – Асад әскерінен қалған қару-жарақ пен әскери базалардың және химиялық бомба қоймаларының көтерілісшілер қолына өтуіне жол бермеу. Дегенмен Израиль Сирия аумағына басып кірді деген мәліметті жоққа шығарды. Асад Мәскеуге қашқалы Израиль шамамен Сирияға әуеден 300 рет шабуыл жасаған. Бұл науқанды Мысыр, Иордания, Сауд Арабиясы, Түркия айыптады.

Әбдел Рахман Мұхаммед, Қамышлы қаласының тұрғыны:

Соққылар түнде жасалды. Біз далаға шығып, жаңғырықты естіп, лапылдаған отты көрдік. Содан кейін Израильдің осы маңайға соққы бергенін түсіндік. Израиль бұл жақты біраз уақыттан бері атқылап жатыр. 

Соңғы мәліметке қарағанда, бір кездері Сириядағы азаматтық соғыстан Түркияға қашқан 3 миллиондай адам еліне орала бастады. Президент Реджеп Тайып Ердоған мәлімдегендей, олар үшін шекарада қосымша қақпа ашылған.

Реджеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

Сирия тұрақтылыққа оралып жатыр. Сириялық бауырларымыздың 13 жылға созылған Отанға сағынышы аяқталады деп сенемін. Оның нышаны қазір де байқалып тұр. Шекарада кептеліске жол бермеу үшін Яйладағы қақпасын да аштық.

Сирия астанасындағы жағдайға келсек, қазір Дамаскіде банктер, дүкендер қайта ашылып, көшелерде көлік жүре бастады. Және де құрылысшылар жұмыстарына оралған. «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, билікті жаңа өтпелі үкіметке тапсыру жұмысы бірнеге күнге созылуы мүмкін.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу