Шығыс Қазақстанда биыл әр гектардан 14-19 центнерден күнбағыс жиналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда биыл әр гектардан 14-19 центнерден күнбағыс жиналды

11.12.2024

Шығыс Қазақстан облысы еліміз бойынша күнбағысты өсіру мен өңдеуде бірінші орын алады. Биыл өңірдегі дихандар әр гектардан 14-19 центнер өнім жинады. Бұл рекордтық көрсеткіш. Қазір аймақта май өңдейтін 12 зауыт бар. Бұл кәсіпорындар жылына 250-300 мың тоннаға жуық май өндіреді. Өңірде күнбағыс өсіретін шаруалар мен өнім өңдейтін кәсіпорындардың әлеуетін тілшіміз Олжас Керейхан зерттеуге тырысты.

Шығыстағы шаруалар үшін биылғы жаз бен күз өте қолайлы. Ерте көктемде жерге салған әр дәннен бітік шыққан өнімді, уақытылы орып үлгерді. Әсіресе майлы дақыл өсірген шаруалар пайдаға кенелді.

Әнуарбек Қажақанов, агрохолдинг директорының орынбасары:

Биыл күнбағыстың түсімі өте жақсы болды. Кейбір алқаптардың әр гектарынан 23-25 центнерге дейін алдық. Орылған күнбағыс бірден өзіміздің аудандағы май зауытына жібереміз. Биыл ауа райы өте қолайлы болды. Осы маңдағы барлық шаруа рекордтық өнім алды.

260 мың тонна күнбағыс майы өңделді

Орылған күнбағыстың ылғалдығы, иісі, қанша пайыз майлы бәрі осы зертханада анықталады. Күнбағыстың тұқымы неғұрлым жақсы болса, май да соғұрлым сапалы болады.

Бұл зауыт тәулігіне 150 тонна май шығарады. Өндірілген өнім ішкі нарықпен қоса бірнеше шет елге экспортталады. Негізігі бағыт Орталық Азия мемлекеттері.

Виктор Костин, зауыттың бас технологы:

Біздің ең негізгі мақсатымыз – сапалы май өндірумен қатар өндірістегі шығынды азайту. Оған қоса ешқандай қалдықсыз өнім шығарамыз. Өңделген күнбағыстың майлы қабығы малға жем ретінде жіберіледі. Бірақ біздің зауытта көп қалдық қалмайды.

Биыл шығыста 206 мың гектар жерге күнбағыс егілді. Күзде әр гектарынан орта есеппен 14 центнерден жалпы 400 мың тонна өнім алынды. Зауыттар күнбағыстың тоннасын сапасына қарай биыл 120 мыңнан 150 мың теңге аралығында қабылдады. Бүгінде облыс аумағында 12 зауыт бар. Бұл кәсіпорындар жылына 250 мыңнан 300 мың тоннаға дейін май өндіреді.

Ермек Көшербаев, облыс әкімі:

Биыл дәнді және майлы дақылдардың өнімділігі 25 пайызға өсіп, экспорт ұлғайды. Өңделген өнімдердің экспорты бір жылда 37,6 пайыздан 65,5 пайызға дейін өсті. Күнбағыс майын өндіруден Шығыс Қазақстан 1-орында. 255 мың тонна немесе 65 пайыз.

Күнбағыс өңірдің өзінде өсіріліп өңделгенімен бағасы арзан емес. Әлеуметтік тауар тізіміне енсе де қазір литрі 650-900 теңге аралығында.

Раушан Шаниязова, азық-түлік кешенінің менеджері:

Бұл әлеуметтік баға. Яғни баға 10-15 пайыздан жоғары болмау керек. Сол үшін бізге әкелетіндерден де сұраймыз бағаның бірқалыпты болуын.

Бірқалыпты болу үшін өнімді өңдейтін зауыттар бастапқы бағасын ұстап тұруға құлықты болуы тиіс. Бірақ өңірде 12 зауыт өзара бәсекелес болса да бағаға келгенде бір-бірінен асып түседі.

Олжас Керейхан

Хабарламаларға жазылу