Халқымыздың ежелден келе жатқан «Беташар» салты әлемдік деңгейде кеңінен насихатталуы тиіс. Осылай деген алматылық студенттер ағылшын тілінде танымдық шара ұйымдастырды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жастары Қытай, Пәкістан, Ауғанстан, Бангладеш, Араб елдерінен келген шетелдік білім алушыларға қазақтың келін түскенде жасалатын ең негізгі салт-дәстүрімен таныстырды. Беташардың мақсаты – өзге отбасыға келген жас келінге әулеттің үлкендерін көпшілік алдында таныстыру. Салт бойынша шаңырақтың беделін маржан сөзбен өрнектейтін ақын беташар жырымен келінге өсиет-өнеге айтады. Ұйымдастырушылар шетелдік студенттерге игі дәстүрдің орындалу тәртібін көрсетіп, беташар жырының маңыздылығына тоқталды.
Фуркан Хафиз, студент (Пәкістан):
Мен үшін қазақ халқының ертеден келе жатқан дәстүрін көру – үлкен мәртебе. Беташардың мағынасы туралы естігенмін. Келінге түскен елін таныстырып, табыстыратын бұл дәстүр қазақ тойындағы ерекшелік деп ойлаймын. Өзім досымның тойында «Беташарды» алғаш рет көріп, қатты таңданғаным бар.
Айдана Қуантхан