Маңғыстаулық тұрғын Түркі елдерінің 600-ге жуық кілемін жинаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстаулық тұрғын Түркі елдерінің 600-ге жуық кілемін жинаған

12.12.2024

Маңғыстаулық тұрғын Ақылберді Нақов түркі тілдес елдердің 600-ге жуық кілемін жинаған. Оған қоса ол әр ұлттың осыдан 200-250 жыл бұрын тұрмыста қолданған бұйымдарын сақтап келеді. Коллекционер түркі халықтарының салт-дәстүріндегі ұқсақтықты ғылыми тұрғыда зерттеу қажет, - дейді. Көненің көзі болған жәдігерлерді әріптесім Аягөз Оралбайқызы көріп қайтты.

Ақылберді Нақов түркі халықтарының кілемдері мен бұйымдарын 90-жылдан бастап жинаған. Ол үшін бос уақытында ел аралап, кілем көрмелеріне қатысады. Шет елдерден қоныс аударған қандастардың үйлеріне арнайы барып, жәдігер жинайды. Осылайша, Иран, Түрікменстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Дағыстан, Армения елдері мен ұйғырлар және Моңғолиядағы қазақтардың кілемдерін жинаған. Қазақстан бойынша Қызылорданың төсеніштерін әкеліпті. Бүгінде 600-ге жуық кілемі бар.

Ақылберді Нақов, Мұнайлы ауданының тұрғыны:

Син-зянь провинциясы деген бар, Алматының арғы жағында, сол жерде ұйғырдың кілемдерін алғанмын. Иранға барған кезде кілем көрмесі болды. Кебежесі бар екен қолдан тоқылған, жиектерінің бәрі түйенің мойын терісімен тігілген. 200, 250 , 150, 120 жыл болған жәдігерлер.

Коллекционер әр халықтың тұрмыста қолданған ескі құрал-жабдықтарын да сақтайды. Олардың арасында түрікмендердің қоржыны, қыз ұзатқанда қолданған бұйымдары, өзбектердің қолдан тіккен алашалары мен қазақтың ұлттық қолөнер бұйымдары бар.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Мынау – Маңғыстауда қолданылған жастық ағаш. Былай қойсаң, көрпе жинайтын орын болады. Жәдігерге бір ғасыр болған. Ал мынау керегенің басына ілетін қырғыздың кермесі. Бұл жәдігердің 250 жылдық тарихы бар.

Ақылберді Нақов кілемдерге қанша қаражат жұмсағанын айтудан бас тартты. Бірақ 170 жыл болған 1 шаршы метрлік кілемді бір жыл бойы күтіп, 2 мың долларға сатып алғанын еске алды. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген тұрғын осыншама мұраны сақтап қалғанын мақтан етеді. Жәдігерлерді күтіп-баптауға оған жұбайы Қарашаш Толаева көмектеседі.

Қарашаш Толаева, Мұнайлы ауданының тұрғыны:

Жыртылып кетеді, енді ескі дүниелер болған соң, соны қайтадан тігемін. Содан кейін мынау біздің ағаш үйдің, қазақ үйіміздің басқұры. Мына басқұрды мен өзім 18 жасымда тоқығанмын.

«Түркі халықтарының салт-дәстүріндегі ұқсақтықты ғылыми тұрғыда зерттеу қажет»,- дейді коллекционер. Сондықтан көне жәдігерлер туралы кітап жазуды жоспарлайды. Оған қоса, аймақта туризм саласын дамытуға үлес қосып, мұражай ашуды көздейді.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу