Қазақстан мен Еуропалық Одақ аса маңызды шикізат материалдарын өндіріп, өңдеуде ынтымақты күшейтпек. Қос тарап өкілдері Брюссельде өткен «Шикізат апталығында» сирек кездесетін металдарды өндіру бойынша жобаларды талқылады. Шараға қазақстандық делегацияны Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов бастап барды.
Көмірсутектен бас тартып, жасыл энергияны дамытуды көздеген Еуропа елдері сирек кездесетін металл кеніне зәру. Күн, жел панельдері, электрокарлардың батареяларын жасау үшін ЕуроОдаққа 34 түрлі металл қажет. Оның 21-і қазір Қазақстанда өндіріледі. «Шикізат апталығында» қазақстандық делегация өкілдері көпшілікке елдің шикізат өндіру, өңдеудегі тәжірибесін, тың әлеуетін таныстырды.
Тұрар Жолмағамбетов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары:
Бізде таза «Metal technologies» компаниясы шықты. Марганец шығаратын. Бұл дайын өнім. Батареяға қажетті. «Жезқазғанредмет» рений металын, содан кейін осмий металын шығарады және алдағы уақытта металл сынықтарын өңдейтін кәсіпорын. Бұл да шикізат емес. Үлбі металлургиялық зауыты аллюминий, берилий, мыс берилін шығарады. Қазір сатып алушылармен байланыстарды орнатып жатырмыз.
Әлемдік нарықта отандық титанға да сұраныс жоғары. Автомобиль өндірісінде 11 пайыз, авиация саласында 21 пайыз қазақстандық титанды қолданады. Сирек кездесетін металдарды ЕуроОдаққа тұрақты жеткізу тізбегін қамтамасыз етуде ынтымақты арттыру жайын қос тарап өкілдері «Euractiv» медиа-агенттігінің алаңында талқылады.
Ингрид Кайлхол, Еуропалық комиссияның халықаралық әріптестік жөніндегі дирекциясының Таяу шығыс және Орта Азия бөлімшесінің жетекшісі:
Жол картасының екінші кезеңінде сирек кездесетін материалдар бойынша нақты жобалар жүзеге асырылады. Жобаларды Еуропа даму және қайта құру банкі арқылы қаржыландырамыз. ЕуроОдақ пен Қазақстан үшін бұл өзара тиімді, әлеуеті жоғары сала.
Осы саладағы ынтымақтастық Қазақстан мен ЕуроОдақ арасындағы алыс-берісті арттырады, - дейді сарапшылар. Былтыр өзара сауда айналымы 41 млрд долларды құраған. ЕуроОдақ Қазақстаннан тауар тасымалдауда «Ақтау» порты, «Транскаспий» халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін пайдалануға ниетті.
Нұрсұлу Қасым