Биыл «Таза Қазақстан» эконауқанына 3,5 млн адам қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл «Таза Қазақстан» эконауқанына 3,5 млн адам қатысты

13.12.2024

«Таза Қазақстан» эконауқанына биыл 3,5 млн адам қатысты. 3 миллионнан аса жасыл желек отырғызылып, 1,4 млн тонна қоқыс шығарылды. Ал жалпы алғанда 1 млн 736 мыңнан аса аулаға тазарту жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде Астана мен Алматы, Қызылорда, Түркістан облысы қоқыстан толық тазартылды. Бұл туралы экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев қала тұрғындарымен кездесуде айтты. Шарада ведомство өкілі экобелсенділерімен кездесіп, көк түтін құрсауындағы Алматының жай-күйін де талқылады. Мегополис бірнеше жылдан бері еліміздегі ауасы ең лас қалалар тізімінде көш бастап тұр. Осы ретте Жомарт Әлиев алдағы 5 жылда жасанды интеллект, спутниктік технологияларды орнату арқылы, ауа ластаушы шығындыларды бақылап, оның алдын алатынын атап өтті.

Жомарт Әлиев, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі:

Автоматтандырылған жүйе арқылы тәулік бойы онлайн режимде қоршаған ортаның жай-күйін бақылауда ұстай аламыз. Әр жүйеге негізделген трансформация бар. Мәселен орман өртін заманауи технология арқылы ерте анықтауға болады. Сондай-ақ жасанды интеллектке негізделген жүйе де ауаның ластану көрсеткішін көрсетеді, шамадан артып кетпеуіне мүмкіндік береді.

Айдана Қуантхан

Хабарламаларға жазылу