Мемлекет Жазушылар одағының жұмысына айрықша мән беріп, әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Еліміздегі ең ірі шығармашылық ұйымның 90 жылдық мерейтойында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин осылай деді. Президенттің құттықтауын жеткізіп, қазақ руханиятының қара шаңырағы жөніндегі ой-пікірімен бөлісті. Шараға жер-жерден келген шетелдік зиялы қауым өкілдерінің арасында «Түрксой» халықаралық ұйымы, Түркия, Әзербайжан, Қытай, Қырғыз республикаларынан Жазушылар одағының басшылары бар. Мерекелік басқосуда Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов бірнеше ұсыныс айта кетті. Мәселен одақ жанынан арнайы сараптама комиссиясын құру, мемлекет қаржыландыратын көркем әдебиет баспасын ашу туралы бастама көтерілді. Сондай-ақ жиында төл әдебиетіміздің бүгінгі жай-күйі, оқырман талабына сай кітаптар шығару, қаламгерлерге қаламақы төлеу мәселелері талқыланды.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
Бүгінгі мерейлі белесін атап өтіп жатқан Жазушылар одағы барлық заманның бәрінің куәгері. Қасиетті қара шаңырақ қазір мыңға жуық қаламгердің басын қосып отыр. Жазушылар одағы – Қазақстандағы ең ірі шығармашылық ұйым. Ең бастысы, ол ең қиын кездерден аман өтіп, тұтастығын сақтап қалды. Осы жылдар ішінде Одақ өркениетіміздің берік қорғанына айналды. Ұлт жанашырларын біріктірген киелі орда бола білді, қазір де солай.
Жазира Оразқызы