Семейде Шәкәрім Құдайбердіұлының ескерткіші ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде Шәкәрім Құдайбердіұлының ескерткіші ашылды

13.12.2024
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Семейде бірқатар мәдени шаралар өтті. Қаланың орталығында ақын, ғұлама ойшыл - Шәкәрім Құдайбердіұлының еңселі ескерткіші ашылды. Сондай-ақ бұл күні өңірдің дамуына зор үлес қосқан жандар «Абай облысының құрметті азаматы» атағы табысталды.

Шәкәрім Құдайбердіұлының еңселі ескерткіші, ақын атындағы даңғыл бойында тұғырға қондырылды. Оның салтанатты ашылуына белгілі ақын, жазушылар, қала тұрғындары мен өңір басшылары қатысты. Ескерткіштің ашылуында сөз алған облыс әкімі салтанатты шараға орай Мемлекет басшысының өңір жұртшылығына жолдаған құттықтауын жеткізді.

Нұрлан Ұранхаев, облыс әкімі:

Көрнекті ақынның ақ жүрек, таза ақыл, адал еңбек сияқты асыл қасиеттерді кеңінен дәріптеген теңдесіз мұрасы әлі талай ұрпаққа өнеге болары сөзсіз. Сәулет өнерінің туындысы ел игілігіне айналсын.

Биіктігі 8 метрге жуықтайтын қоладан құйылған туындының авторы белгілі мүсінші – Нұрбол Қалиев. Осыған дейін Абай Құнанбайұлын бірнеше рет сәтті сомдаған. Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхаметқанов бейнеленген «Ұстаз бен шәкірт» мүсінінің авторы. Кезекті композияциясы арқылы өнер иесі Шәкәрімнің данышпан бейнесін жан-жақты аша түскен.

Нұрбол Қалиев, мүсінші:

Тұғырына қойылып, бүгінгі сәтті күні ашылған ескерткіш. Әр мүсіншіге үлкен талап пен үлкен еңбекті қажет ететін ескерткіш. Шәкәрім атамыздың мүсіні аз ғой елімізде. Бір жарым жыл қажырлы еңбек еттік осы мүсінді жасау үшін.

Шәкәрім тек қазақ халқының ғана емес, туыстас түркі халықтарының, тіпті барлық Шығыс мәдениетінің ой-танымдарын зерделеп дүниетанымымызды дамыта түскен ойшыл. Болашаққа мол әдеби мұра қалдырған ғұламаның өмірі мен шығармашылығын әлі де терең зерттеуді қажет етеді-дейді ғалымдар.

Ерлан Сыдықов, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

Ұлт болып, ұлт болмысын қалыптастыруда тұлғалардың рөлі ерекше. Біз оларды тарихы терең зерттеумен де алдыға шығарамыз. Шәкәрімді білуіміз керек, зерттеуіміз керек. Шәкәрімнің әр ілімін әр азаматтың, әр қазақтың бойына сіңіруіміз қажет.

Мереке қарсаңында әр салада өңірдің дамуына еңбек сіңірген тұлғаларға «Абай облысының Құрметті азаматы» атағын табыстау рәсімі өтті. Олардың қатарында Қазақ КСР-нің Халық әртісі, Қазақстанның еңбек Ері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Роза Рымбаева бар. Сондай-ақ филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспенбетов те осындай марапатқа ие болды.


Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу