Атырау облысы Құрманғазы ауданында балаларды мектепке тасымалдайтын автобустардың әбден тозығы жеткен. Ата-аналар балаларының денсаулығы үшін алаңдап отыр. Қыстыгүні аяз тұрса көліктердің қызуы да қиындайды. Сондықтан елдімекендегі тұрғындар жиналып такси жалдауға мәжбүр. Шалғайдағы жұршылықтың жайын әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт біліп қайтты.
Мектеп автобусының күндегі көрінісі осы. Таңертең қызуы қиын. Жүргізушінің біраз әбігерге түсуіне тура келеді.
Нұрсұлтан Нұрсейіт тілші:
Бұл мектеп автобусымен бір мезетте 39 оқушы тасымалданады. Қазір күн салқын. Көлікті қыздырған сәтте ішін көк түтін жайлап әкетті. Автобус әбден тозған. Алынғалы жөндеу көрмеген екен.
Арсен Тасемен, оқушы:
Автобус өте нашар. Таңертең 7-де отырамыз, сол кезде іші салқын болады.
Елжан Рамазанұлы, оқушы:
Кейде есіктері ашылмай қалады. Мына орындықтардың сапасы төмен. Лас, шаң.
Осыдан 8 жыл бұрын пайдалануға берілген автобустың жылыту пеші де әлсіз. Жүргізушілердің өз күшімен жасаған әрекеттерінен жағдай түзелер емес.
Ғабиден Абдолов жүргізуші:
Жан-жағының бәрі тесілді. Радиатор бәлен ауысты. Ескі-құсқы автобустар бар іште. Солардан бірдеңелерін әкеліп саламын. Бірдеңе етіп жүргізіп жүрмін.
Қарақұл елді мекенінің тұрғыны Светлана Қуанғалиеваның 4 бірдей немересі мектепке осы көлікпен қатынайды. Бірер аптада күн суытады. Ата-ана балаларының денсаулығы үшін алаңдайды.
Светлана Қуанғалиева, ата-ана:
Автобус жоқ кезде ата-аналар бірігіп, мектеп әкімшілігі бар, олар да шығарады таксиге. Көбіне таксиге жалдаймыз. Балаларды сабақтан қалдырмауға тырысамыз.
Жалпы аудан бойынша 14 мектепте 11 мың бала білім алуда. Оның 726-сы 33 елді мекеннен тасымалданады. Ал бұған алынған автобустардың көбі 10 жылдан бері пайдаланылып келеді.
Жастілек Мырзағалиев, мектеп директоры:
Аудандық білім бөліміне автобустың жарамсыздығы жөнінде айтып келе жатырмыз. Мүмкіндік болса жаңа автобустың болғанын қалаймыз. Балаларға да тиімді болар еді.
Аудандық білім бөлімінің басшысы жаңа автобустарға тапсырыс беріп қойғандарын айтады. Жуырда жаңа 5 техника мектептерге берілмек.
Еділ Баяров, аудандық білім бөлімінің басшысы:
Осы желтоқсан айының аяғына дейін 5 мектепке, соның ішінде Сәрсенбаев жалпы орта мектебіне жаңа автобус берілетін болады. Алға қарай қалған 8 автобусқа бюджеттік сұраныс беріп қойдық.
Елдімекендерге қатынайтын жол құмды, әрі ойыс төбесі көп. Осыдан екі жыл бұрын берілген америкалық үлгідегі сары автобустар бұл жолға жарамсыз. Сондықтан келер жылы әрқайсысының құны 45 миллион теңге болатын асты биік, салқындатқышы мен жылытқышы бар көліктерге тапсырыс берілген.
Нұрсұлтан Нұрсейіт