Туберкулез, қатерлі ісік секілді қауіпті ауруларды ерте анықтап, диагноз қойған дәрігерлерге үстемақы беріледі. Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның көшпелі отырысында медицина саласына келесі жылдан бастап енгізілетін өзгерістер жайлы айтылды. Енді медициналық сақтандыру қоры қазақстандықтарға сақтандырудың тоқтатылғаны туралы алдын ала ескертеді. Тағы бір өзгеріс – медициналық ұйымдарды қызмет көрсету сапасына қарай «жасыл», «сары» және «қызыл» аймаққа бөледі. Рейтингісі төмен мекемелерге арнайы мониторинг жүргізіліп, тиісті шара қабылданады.
Әсел Қыдырәлиева, ҚР ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің басқарма басшысы:
Тағы бір өзгеріс медициналық қызметкерлерге арналған. Бұл бізде ынталандырушы компонент дейміз. Аймақтық дәрігерлер туберкулез, қатерлі ісік сияқты 0,1 сатыда анықтаса, оларға үстемақы бонус ретінде берілетін болады. Оны бұйрық жобасы ретінде таныстырған болатынбыз. Қазіргі таңда бекітілді. Ақпараттық жүйелердің жұмысын соған сәйкес реттеп жатыр. Сондықтан келесі жылы енгізілетін болады.
Айя Мүтәлі