Премьер-министр Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Премьер-министр Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына қатысты

13.12.2024

Премьер-министр Олжас Бектенов Мәскеуде өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына қатысты. Онда кеңеске мүше елдердің Үкімет басшылары өзара іс-қимылдың негізгі аспектілерін талқылады. Сөз сөйлеген Олжас Бектенов көлік-логистиканың негізі мен байланысын нығайтуға әрі дамытуға ерекше назар аударды. Теміржол саласын дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы шеңберінде темір жол желілерінің құрылысы жүргізіледі. Осылайша біздің ел транзиттік тасымал көлемін 28 млн тоннадан 45 млн тоннаға дейін ұлғайтпақ. Отырыста экономикалық процестерді цифрландыру мәселесі де қаралды.

Премьер-министр озық цифрлы технологияларды табысты енгізу өзара сауда көлемін арттыруға, бизнеске әкімшілік жүктемені азайтуға ықпал етеріне назар аударды.

Отырыс соңында қатысушылар бірқатар құжатқа қол қойды. Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысы 2025 жылы қаңтарда Алматыда өтеді.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу