World Boxing халықаралық федерациясы 2027 жылы бокстан Әлем чемпионаты Астанада өтетіні туралы ресми түрде жариялады. Бұл әлемдік біріншілік халықаралық жарыс күнтізбесіндегі маңызды оқиға болмақ, себебі турнир 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындары қарсаңында ұйымдастырылады. Ал, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин «Біздің ел ірі халықаралық спорттық жарыстарды жоғары деңгейде өткізуде мол тәжірибеге ие және бұл турнир де сол дәстүрден тыс қалмайтынына сенімдімін»,-деп пікір білдірген. Айта кетейік, Қазақстан тарихта екінші рет бокстан әлем чемпионатын өткізгелі отыр. Бұған дейін 2013 жылы Алматыда ерлер арасында халықаралық дода жоғары деңгейде ұйымдастырылған еді.
Азамат Бейбітұлы