Тұрғын үй нарығы: пәтер бағасы өсе ме? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұрғын үй нарығы: пәтер бағасы өсе ме?

15.12.2024

Жылжымайтын мүлік пен жер телімі ешқашан құнын жоғалтпайтын активтер деген пайым бар. Нарық тербелсе де, тербелмесе де. Бұл әрине, ақшасы бар адамға арналған кеңес шығар. Ал үйі жоқ адам үшін баспана сатып алу – өміріндегі мұраттың бірі.

«Әйтеуір үйім бар ғой» деген ойдың өзі сарыуайымға сүңгітіп жібермейтін өте маңызды фактор. Ал доллардың қымбаттап кеткені «бір баспана» деп жүрген азаматтар үшін кәдімгідей соққы. Онсыз да азық-түліктің бағасы өскені уайым болып тұрғанда.

Тұрғын үй нарығы аналитиктерінің сараптамаларын оқысақ, жаңадан салынған және салынатын үйлердің арзандауы мүмкін емес. Салынып қойған үйді бұрынғы бағамен сатқанымен жаңа жобаға кірісе алмайды. Өйткені онсыз шаруа бастай алмайтын несиенің пайыздық мөлшерлемесі өскен. Базалық ставка 1 пайызға көтерілді, несие де қымбаттайды. Тағы бір себебі - құрылыс материалдарының 70 проценті сырттан әкелінеді. Долларға.

Осы тұста айта кететін дүние – Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев құрылыс материалдарының 70 пайызы керісінше, отандық дейді. Аналитиктер қателесе ме, жоқ әлде министр ме?..

Дауласпайтын анық жайт – елдің табысы өскен жоқ. Керісінше, инфляция жеп жатыр. Сондықтан алғашқы да, екінші нарықта да баға аспандап кетпейтін сияқты. Адамдарда ақша болмаса кім алады? Оның үстіне жеңілдікпен берілетін ипотекалық несие де көп емес.

«Отбасы банкке» ұлттық даму институты мәртебесі берілгені, банк жанынан «Тұрғын үймен қамтамасыз ету» орталығы құрылатыны мәлім. Тегін үй деген жоқ ғой, ипотекалық бағдарламалар қалай болады, шарттары өзгере ме? Тақырыпты Амангелді Сейітхан талдайды.


Хабарламаларға жазылу