Қарағандыда мектеп құрылысы қарқынды жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда мектеп құрылысы қарқынды жүріп жатыр

16.12.2024

Қарағанды облысында 10-нан аса білім ордасының құрылысы басталып, апатты мектептер саны азайды. 260-қа жуық білім нысаны жөнделді. Сондай ақ былтыр білім беру жүйесіне 215 миллиард теңге бөлінсе, биыл бұл сома 25 миллиард теңгеге артқан. Білім саласындағы оң өзгерістер жайлы өңірдегі тілшіміз Жандос Бақытұлы тарқатады.

Биыл мемлекет қаражатынан 3 жаңа мектеп құрылысы басталып, бірі пайдалануға берілді. Соның бірі - қала іргесіндегі Күнгей ықшамауданында. 30 жыл бойы бұл аумақта мектеп болмаған. Маңайдағы ең жақын мектептің өзі бірнеше шақырым жерде еді. Жаңа білім ошағына оқушылардан бөлек ата-аналар да дән риза.

Гүлнұр Айтжанова, қала тұрғыны:

 Күнгейден мектеп ашылғанына қуанамыз. Біріншіден жаңа, заманауи, асхананың тамақтары балаларға ұнайды. Үйірмелері бар.

Одан бөлек, ұлттық жоба аясында облыста 10 жайлы мектеп салынып жатыр, Оның бірі Балқаш қаласында. Өңірде мектеп тапшылығы айтарлықтай бар. Мысалы мың оқушыға шақталған білім мекемелерінде 1 350 балаға дейін оқуға мәжбүр. Енді жайлы мектеп тапсырылған соң бұл мәселе түбегейлі шешіледі, дейді мамандар.

Қарлығаш Дүбірбекова, Балқаш қаласы білім бөлімінің басшысы:

Жайлы мектеп. Қазір барлық керекті құжаттар жасақталды. Бәріміз асыға күтіп отырмыз. Атына, затына сай, кәсіби, білімді мұғалімдер жасақтау мақсатымыз. Кадр плеуеті жақсы болса. Сондықтан жастар, білікті мамандар керек. Білімі әлемдік, тәрбиесі ұлттық оқушыларды тәрбиелеу мақсатымыз.

Облыс бойынша 4 апатты мектепте оқушылар білім алуда. Талды, Елгезек ауылдарында жаңа мектеп құрылысы басталды. Ал қалған 2 мектеп Қарағанды қаласында. Оқушылар қауіпсіз білім нысанына қашан ауысатыны әзірше белгісіз. Оған қоса қалада әлі 3 ауысымда жұмыс істейтін мектеп бар.

Гүлдана Нұрсұлтан, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

Қарағанды облысы бойынша 3 ауысымды жалғыз мектебіміз бар. Ол Қарағанды қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы лицей. Жайлы мектеп аясында сонда жаңа мектеп ашылса, мәселе шешіледі.

Облыста мектепке дейінгі балаларға арналған 407 ұйым бар. Оның 70 пайызы жекеменшік бақшалар. Оның өзі аздық етуде. Өңір бойынша 420 мектепте 172 мыңнан аса оқушы білім алады. Одан бөлек 222 ауыл мектебінің тең жартысы жаңғыртылды.

Жандос Бақытұлы


Хабарламаларға жазылу