Жаңақорған ауданында оқушылар сарайы мен өнер мектебі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңақорған ауданында оқушылар сарайы мен өнер мектебі ашылды

17.12.2024

Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында 200 орындық заманауи оқушылар сарайы мен өнер мектебі ашылды. Ауыл балаларының білім көкжиегін кеңейтіп, шығармашылығын дамытуға арналған ғимаратта 19 үйірме жұмыс істейді.

Осы күнге дейін аудандық оқушылар үйі көнерген ескі ғимаратта орналасқан еді. Енді міне, еңселі нысан салынып, талапты балалардың түрлі үйірмелерге қатысып, шығармашылығын жетілдіруге мүмкіндік алып отыр. Жалпы аймақта білім саласына айрықша көңіл бөлініп, жылдан жылға жаңадан білім мен тәлім ошақтары көбейіп келеді.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

Білім саласында жаңа нысандар көптеп бой көтеруде. Қызылорда қаласында 8,4 млрд теңгеге физика-математика мектебі салынуда. Ол жерде тек Қызылорда қаласының балалары емес, осы ауылдан шыққан, аудандардан шыққан мықты білімді дарынды балалар білім алуға, тәрбие алуға мүмкіндік болады.

Оқушылар үйіне күнделікті мыңға жуық бала келеді. Әр үйірме қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Әсіресе, жаңашылдыққа бетбұрған жастар робототехника мен ІТ ілімін зерделеп, тың жобаларды қолға алуға мүмкіндігі мол. Сондай-ақ, оқушылардың интеллектуалдық үйірмелерге де қызығушылығы жоғары.

Фариза Юсупова, оқушы:

Мен шахмат үйірмесіне қатысамын. Және де шахмат адамның ойлау қабілетін дамытуға көмектеседі. Осы шахмат үйірмесіне қатысқалы менің математика сабағынан үлгерімім өте жоғары.

Қос қабатты ғимараттың бір бөлігінде өнер мектебі де жұмыс істейді. Мұнда өрендер жыршылық пен терме өнерін, түрлі ұлттық аспаптарды меңгереді. Жаңа нысанмен бірге бұрын болмаған жаңа үйірмелер де ашылып жатыр.

Мұратбек Әуелбеков, оқушылар үйі директорының орынбасары:

Екі үйірме қостық. Мынау бұрын бізде би залы болмайтын. Би залы болғаннан кейін би үйірмесін ашып отырмыз. Сосын экологияға байланысты материалдық база болмаған түгін, қазір жас эколог үйірмесі қосылып отыр.

Бесарық ауылында мектеп іргесінен қосымша ғимарат салынды

Ал аудандағы ең ірі ауыл Бесарықта бастауыш сынып оқушыларына арналған мектеп жанынан қосымша ғимарат салынып, ел игілігіне берілді. 5 мыңдай халқы бар елді мекенде осы кезге дейін білім ордасы тарлық етіп келген. Енді үш ауысымдық оқудың мәселесі шешімін тапты. Жаңа нысанда 375 оқушы білім алады.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу