Алматыда қалың қар түсіп, қозғалыс қиындады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда қалың қар түсіп, қозғалыс қиындады

17.12.2024

Алматыда күн күрт суытып, көшедегі қозғалыс қиындады. Демалыс күндері қала ішіне қалыңдығы 22 см, таулы аймаққа 40 сантиметр қалың қар түсті. Салдарынан әуе рейстері кешігіп, жол-көлік апаттары жиіледі. Мегаполисте ауа райы бұзылса, такси бағасының бірден шарықтап кететіні белгілі. Алматыдағы тілшіміз таксиге тапсырыс беріп, баға күндегіден қаншаға қымбаттағанын есептеп көрді. 

Айдана Қуантхан, тілші:

Дәл қазір Алматыда сағат төрт жарым, әдетте осы уақытта қалада кептеліс басталады. Мен тұрған жерден шаһардағы ірі сауда орталығына жету үшін таксиге тапсырыс бердік. Эконом санаттағы такси 2,5 шақырым жерге 3150 теңге сұрап тұр. Әдеттегіден, 2 есеге қымбат.

Қар жауып, боран болып, сұраныс артса, такси бағасын қымбаттатып жіберу қалыпты құбылысқа айналып барады. Соңғы үш күнде қала тұрғындары да біраз әбігерге түскен. Бұған көлік жүргізушілерінің айтар өз уәжі бар.

Клиенттер таксидің бағасына наразылық білдіреді. Бағаны қоятын біз емес қой. Кеттік, келдік деп басамыз ғой біз. Ауа райының қолайсыздығына байланысты баға да өзгереді.

Ал қаланың коммуналдық қызметі қалың қар жауғаннан бастап күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Әкімдіктің есебінше, үш күнде 600-ден аса арнайы техника, қосымша 1080 жұмысшы жұмылдырылды. Мамандар түнгі ауысымда жұмыс істеді. Қазір қаланың орталық көшелері мен аялдама, жүргіншілер жолағы қардан тазартылған.

Айдана Қуантхан

Хабарламаларға жазылу