Түркістан облысында биыл 150 мың тонна көкөніс жиналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында биыл 150 мың тонна көкөніс жиналды

17.12.2024

Түркістан облысында биыл 150 мың тонна көкөніс жиналды. Өңірде 12 мыңнан аса шаруа бар. Бүгінде аймақта ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту, өнімді молайту, техникалық паркті жаңарту бағытында ауқымды шаруалар атқарылды. Өңір диқандарының биылғы еселі еңбегі жайлы тілші материалында.

Облыс диқандары ішкі нарықты тұтастай көкөніс, бақша дақылдарымен және ет, сүт өнімдерімен қамтамыз етіп келеді. Еліміздегі жылыжайлардың 70 пайызы түстікке тиесілі. Қазір жыл он екі ай көкөніс пен бақша дақылдарының бірнеше түрі, тіпті субтропикалық банан, лимон да жылыжайларда өсіріледі.

Ислам Әлиев, кәсіпкер:

Қазақстанның өзіне 100 мың тоннасы Эквадордан келеді. Біз 20-30 процент нарықты жабу үшін тағы да 20-30 бес гектардан жылыжай салайын деп жатырмыз. Бұдан бөлек тағы да бір 90 гектарымыз бар. Авакадо, манго, ананас егейін деп жатырмыз.

Ел бойынша биыл ет экспорты еселеп артты. Ірі қара мал етінің 80%-ы, қой етінің 75%-ын осы өңірдің шаруалары өндіреді. Аймақта сүт өндірісін ұлғайту, өңдеу жұмыстары жүйеленген. Сауран ауданында сүт фермасын ашқан кәсіпкер мұның барлығы мемлекеттің ауылшаруашылығы саласына қаржылай қолдау көрсетуінің арқасы дейді.

Ниязәлі Бейсенбаев, Компанияның құрылтайшысы:

Асылтұқымды малды кіргізгенімізге мал басына 400 мың теңге субсидия беріледі. Сүтті өндіргенімізге 45 теңге литріне субсидия беріледі. Бұл біз сияқты фермерлерге үлкен көмек.

Ал агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі капиталына 150 млрд теңгеден аса инвестиция тартылып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Инвесторлар Келес ауданында ең ірі жылыжай салса, Арыс пен Отырар ауданында мақта өсіріп, оны өңдейтін зауыттар ашпақ. Ағын судың басым бөлігін көрші елдерден алатын өңірге инвесторлар су үнемдеу технологиясына қажетті құралдарды шығарып жатыр.

Ермұхамбет Құралбеков, Түркістан облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Қазіргі таңда көптеген инвесторлар Қытайдан келуде. Ол ауылшаруашылығында мал етін өңдеуде және тері өңдеуде, одан бөлек мынау өсімдік шаруашылығын қайта өңдеу саласында да бірқатар келіссөздеріміз бар.

Өңірде жүзеге асырылған таңы бір ауқымды жобалардың бірі сыйымдылығы 4 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасы. Мұнда қазір он тонна картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат сақтаулы. Бұл өңірдегі азық-түлік бағасын тұрақты ұстап тұруға үлкен септігін тигізді.

Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу