Ақтөбе облысында 45 адамнан доңыз тұмауы анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында 45 адамнан доңыз тұмауы анықталды

19.12.2024

Ақтөбе облысында 45 адамнан доңыз тұмауы анықталды. Дәрігерлердің айтуынша, науқастардың саны аз уақыт ішінде екі есеге көбейген. Сондықтан санитар мамандар вирустың алдын алу үшін шектеулер енгізе бастады. Яғни медицина мекемелерінің қызметкерлері бетпердемен жүруі тиіс. Балабақшалар мен мектептердегі ахуал да бақылауға алынды. Бір апта ішінде облыс бойынша жедел респираторлы вирусты инфекциямен 12 мың тұрғын ауырған. Шошқа тұмауын жұқтырғандардың да саны едәуір өскен.

Майра Нұрғалиева, Жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

793 науқас тексеруден өтті. Оның 45-інен шошқа тұмауы анықталды. Біз сараптама жұмыстарын жүргіздік. Жыл басынан бері тұмаудан 3 363 адам емделіп шықты. Оның 74 пайызы – бала .

Күн сайын қызуы көтеріліп, басы ауырған 120 тұрғын дәрігерлерден көмек сұрайды екен. Қазір жұқпалы аурулар ауруханасында 70-ке жуық науқас бар. Оның көбі балалар мен жүкті әйелдер. Мамандар тұмаудан дер кезінде емделу қажет екенін ескертеді. Осы уақытқа дейін ауруын асқындырып алған 274 адамға пневмония диагнозы қойылған.

Мұхтар Сербаев, Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

Дереу оқшауланып, жергілікті медициналық ұйымдарға, дәрігерлерге қаралау керек. Үйде жатып емделудің ешқандай пайдасы болмайды. 

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу