«Достық-2024» байқауының жеңімпаздары марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Достық-2024» байқауының жеңімпаздары марапатталды

20.12.2024

Семейде Абай облысы әкімінің этномәдени бірлестіктер арасындағы «Достық-2024» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Оған өңірдің дамуына үлес қосып жүрген түрлі ұйым өкілдері қатысты. Байқауға солардың 20-дан астамы өтінім берген. Қоғамдық шаралардың ұйытқысы болып, көпұлтты мемлекетімізде достық, бірлік пен татулықты насихаттап жүрген үздіктерді өңір басшысы құттықтады.

Нұрлан Ұранхаев, облыс әкімі:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өздеріңізбен кездескенде, «Отанымыз бір, мемлекетіміз бір, халқымыз бір. Сондықтан әрқашан бірге болайық» деген еді. Бұл біздің өмірлік қағидамыз. Әрқайсыңызға мықты денсаулық, шығармашылық шабыт пен толағай табыс тілеймін.

Абай облысында 5 Достық үйі мен 49 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Азаматтық қоғамды дамытып, ұлтаралық қатынасты нығайтуда олардың әрқайсының үлесі зор. Шарада Қазақстан халық ассамблеясының өкілдері «Бірлік» медалімен, облыс әкімі атынан Алғыс хаттармен және түрлі аталымдар бойынша марапатталды.

Шағангүл Жанаева, Қазақ мәдени-әлеуметтік орталығының төрағасы:

Құрылғанына 2 жыл болған облысымыз әлеуметтік жағынан, экономика жағынан болсын, саланың қай жағынан алсақ та өркендеп жоғары деңгейде дамып отыр. Оның бірден-бір себебі облысымыздағы әр ұлт өкілдерінің арасындағы ынтымақтастық. Өзара сыйласымдылық, рухани жарастық деп ойлаймын.

Ғабдулхак Ахунжанов, «Хак» Татар-Башқұрт бірлестігінің президенті:

Біздің еліміздің ұстанып отырған саясаты, алға жылжуға мүмкіндік береді. Қазақ ұлтының мәдениеті мен өнерін дәріптеумен қатар, елімізде тұратын өзге ұлттардың да жан-жақты дамып, тарихы мен салт-дәстүрін ұмытпауға мүмкіндік жасалған. Сол себепті де Қазақстан көптеген елдер үшін үлгі. 130-дан астам ұлт өкілдері тату-тәтті, бір шаңырақ астында өмір сүріп жатыр.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу