Су ресурстар және ирригация министрлігінің дерегі бойынша биыл халықты ауыз сумен қамту көрсеткіші қалаларда 99,5%, ауылдарда 97,8%-ды құраған. 2025 жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 100%-ға жетеді дейді. Дегенмен биыл Үкімет сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымын жедел жаңғыртуға бағытталған бірқатар жұмыс атқарды.
Ел ішіндегі 93 гидротехникалық құрылысқа зерттеу жүргізіліп, жалпы ұзындығы 592,9 шақырымдық 260 бөгет салынды. Бұдан бөлек, су үнемдеу технологияларын енгізудің нәтижесінде биыл суармалы жерлердің көлемі 312,2 мың гектардан 462,2 мың гектарға дейін ұлғайды. Тамшылатып суару мен жаңбырлату жүйелерінің арқасында суды тұтыну 40-50%-ға үнемделіп, дақылдардың өнімділігі 1,5- 2 есе көбейді. Одан бөлек, 2024 жылы 324 сумен жабдықтау жобасы іске асты. Осы арқылы биылғы 10 айда 39 ауыл орталықтандырылған сумен жабдықталып, 166 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылды.
Сергей Добрынин, ҚР СРИМ гидротехникалық имараттар басқармасының бас сарапшысы:
ҚР су саласын дамытудың 2024-2028 жылдардың кешенді жоспарына сәйкес ағымдағы жылы 82 нысанға көпфакторлы зерттеп қарау жұмыстары жоспарланған. Бүгінгі таңда 73 нысанға көпфакторлы зерттеп қарау жұмыстары жүргізіліп тиісті қорытындылары берілді. Сонымен қатар жыл соңына дейін қалған 11 нысанға көпфакторлы зерттеп қарау жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Серік Жұмабек