2025 жылы айыппұлдар қаншаға өседі? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2025 жылы айыппұлдар қаншаға өседі?

22.12.2024

Жаңа жылдан бастап айлық есептік көрсеткіш өсіп, 3 932 теңгені құрайды. Яғни АЕК-пен есептелетін кез келген төлем оның ішінде айыппұлдардың да көлемі артады. Иә, «айыппұл» деген сөзді естігенде тыжырынғанымызбен, онсыз болмайтынын білеміз.

Көлікті ағызып айдап, қоқысты үйдің кіреберісіне тастап, түнде айғайлатып музыка қойып, мемлекеттік рәміздерді қорлап, тағысын тағы – әркім ойына келгенін істеп жүрсе, не болады? Мәселе - басқада.

Қарапайым мысал: Сауда үйінің маңындағы тұрақта есептелетін уақыт бір сағаттан басталады. Ал егер бір сағатқа дейін тұрсаңыз ше? Бәрібір бір сағатқа төлейсіз. Себебі айыппұл арқалағанша, 100 теңге төлей салайын деп ойлайсыз. Ал паркингте 100 емес, 300 теңге төлейсіз.

Сонымен бірге мәні бір, бірақ көлемі әр түрлі айыппұлдар бар. Үйдің кіреберісінде, дәліздерде қоқыс «пакетін» қалдырса 78 640, қайталанса, 117 960 теңге. Қоғамдық орында түкіргені, сондай-ақ көрінген жерге қоқыс тастағаны үшін 19 660 теңге айыппұл салады. Ал қайталаса 10 АЕК, яғни 39 320 теңге көлемінде айыппұл төлейді.

Көрдіңіз бе – үйдің кіреберісінде 118 мың теңгеге дейін барады, ал көшеде 39 мың теңге. Қоғамдық орындарда балағат сөз айтқандарға 20 АЕК, яғни 78 640 теңге айыппұл салады немесе 30 тәулікке қамауға алынады. Ал мұғалімді немесе дәрігерді балағаттаса, онда 10 АЕК (39 320 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған.

Балағат сөз айтқан адамға салатын айыппұл барлық жерде бірдей болуы керек емес пе? Екінші жағынан, мұғалім мен дәрігер ғана емес, кез-келген азаматтың қадір-қасиеті бар емес пе?!

Амангелді Сейітхан таразылайды.


Хабарламаларға жазылу