Биыл Алматыда кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 112 жоба қаржыландырылған. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияға қарасты «Almaty Finance» пен «Almaty» микро қаржы ұйымдары шағын және орта бизнеске 8 млрд теңге несие берген. Нәтижесінде мегаполисте 726 жаңа жұмыс орны ашылды.
Мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып, жоспарын жүзеге асырғандардың бірі – Омар Фахратов. Кеңсе қағазын шығаратын өндірісті іске қосу үшін 6 пайыздық жеңілдікпен 120 млн теңге несие алған. Шағын кәсіпорын айына 100 тонна қағаз шығаруға қауқарлы. Соның арқасында отандық тұтынушылардың импорттық өнімге тәуелділігі төмендемек.
Омар Фахратов, кәсіпкер:
Өте қатты бізге көмегі тиді. Біріншіден, біздің кәсіпкерлікті дамыту үшін бізге шикізат керек. Соны алып келуге бізге ақша керек болды. Ендігі мақсат қағазбен ғана шектелмей, дәптер және бүткіл қағазға байланысты дүниелерді шығару, өндірісті кеңейту.
Бүгінде зауытта 10 адам еңбек етеді. Келешекте олардың санын арттырып, екі ауысымдық жұмыс кестесін құру көзделген. Жалпы «Almaty Business – 2025» бағдарламасы аясында соңғы бес жылда 690 жоба қолдау тапқан. Сонымен қатар, 8,5 мың жаңа жұмыс орны ашылыпты.
Жанат Болатова, «Алматы» ӘКК» АҚ активтерді басқару департаментінің директоры:
Ең негізгі бағыттар бұл шағын өнеркәсіптік парктерді салуды қаржыландыру бағытынан бөлек, өндіріс және қайта өңдеу, денсаулық сақтау, туризм салаларында жобалар жүзеге асырылды. Сонымен қатар, спорт және халыққа қызмет көрсету саласында да жобалар қаржыландырылды. Осы жобаларды іске асыру барысында 726 жаңа жұмыс орны құрылды.
«Алматы» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының еншілес ұйымдары 2 және 6%-дық мөлшерлемемен 7 жылға дейінгі мерзімге несие береді. Мекемелер алдағы уақытта шаһардың экономикасын жақсартуға бағытталған жобаларды қолдауға көңіл бөлмек.
Ернұр Медет