Елорда маңындағы 12 елді мекенге табиғи газ тартылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорда маңындағы 12 елді мекенге табиғи газ тартылып жатыр

23.12.2024

Алдағы екі жылда Ақмола облысының 12 елді мекеніне табиғи газ тартылып, 120 мыңнан аса тұрғын көгілдір отынмен қамтылады. Газдандыру жұмыстары елорда маңындағы қала мен ауылдарда қарқын алған. Нәтижесінде Аршалы ауданына қарасты 16 ауылдың халқы табиғи газдың игілігін көріп отыр. Бүгінде Астана іргесіндегі Қосшы қаласы мен Нұрлы ауылына да газ құбырын тарту жұмыстары жүріп жатыр.

Ақмола облысын газдандыру «Сарыарқа» газ құбырының магистральді желісі арқылы жүзеге асуда. Игі жобаға биыл 50 мыңнан аса тұрғыны бар Қосшы қаласы да енді. Қазір мұнда газ тарту жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр. Жоба құны 11,3 миллиард теңгені құрайды. Биыл бюджеттен 4 млрд теңге бөлінген.

Асхат Қосаев, «Әлия-сервис» ЖШС өндіріс шебері:

Бүгінгі таңда жоғары, орташа және төменгі сынды газ құбырларын салу аяқталды. Қосшы қаласы бойынша салынған газ құбырлары тек 52 км тартылды. Жұмысшылар мен арнайы техникалар толықтай қамтамасыз етілді. Жеткілікті. 80 адам, 30 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.

Қыс бойы пеш жағып, күл шығаратын қосшылықтар табиғи газдың тартылып жатқанына қуанышты. Шаhар тұрғындарының 70 пайызы нәпақасын Астанадан тауып отырғандықтан, олардың үйдегі пешке де қарайтын уақыттары жоқ.

Ыбырай Қазанғапов, Қосшы қаласының тұрғыны:

Халықтың үйлері өртеніп, түрлі жағдайлар орын алып жатыр. Қанша жанұя баспанасыз қалып жатыр. Соның бәрінен шығаратын қазір міне, газ жүріп жатыр экологиялық тазалық, халыққа жеңілдік.

Рауан Қалиев, Қосшы қаласының тұрғыны:

Газ мәселесі қосшы тұрғындарының көптен күткен жақсы жаңалығы. Оның бірден бір себептері, біздің жалпы Қосшы қаласының әрбір тұрғыны өзінің үйін көмірмен жылытады. Ол үшін көмір сатып алу керек. Одан мына электр жүйесіне түскен салмақтан свет өшеді. Осындай қолайсыздықтар бар. Сондықтан біздің қаламызға кірген газ осы мәселелерді шешеді деп біз қатты үміт артамыз.

Ал Целиноград ауданына қарасты «Нұрлы» тұтынушылар кооперативі болып құрылған елді мекеннің бір мыңнан аса тұрғыны табиғи газға 2025 жылы қосылады. Бүгінде газ тарту жұмыстарының 85 пайызы аяқталған.

Жасқайрат Садықов, Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы:

Ақмола облысының елді-мекендерін газдандыру деңгейі 2,7 пайызды құрайды. Бізде қазір 12 елдімекенде газдандыру жобалары жүргізіліп жатыр. Толық 30 елді мекен 2026 жылға қарай газбен қамтылатын болады.

Сөйтіп, келесі жылы 68 мың адамды қамтитын 6 елді мекен газбен қамтылады. Бұл Аққайың, Алтынсарин, Талапкер, Қаражар, Қызылсуат ауылдары мен Қосшы қаласы. 2026 жылы Целиноград ауданына қарасты Қараөткел мен Ақмол және Аршалы ауданының Ақбұлақ пен Тайтөбе ауылдарын газдандыру жоспарлануда.

Бибінұр Әмірханқызы, тілші:

Жыл соңына дейін табиғи газбен елорда маңындағы Жібек жолы, Шұбар және Қоянды ауылдары қамтылады. Ал Көкшетауды газдандыру 2028 жылы басталады. Әзірге шаhар тұрғындары сұйытылған мұнай газын пайдаланып отыр. Жоспар бойынша табиғи газбен Ақмола облысын түгел қамту 2030 жылы аяқталмақ.

Бибінұр Әмірханқызы


Хабарламаларға жазылу