Семейде орталық алаңда мұғалімдерді шырша құруға міндеттеген қалалық білім бөлімінің бастығы қызметінен босатылды. Анықталғандай әкімшіліктің құзыретіндегі жұмысқа қаладағы үш мектептен мұғалімдер көмекке жіберілген. Білім бөлімінің бастығы мен мектеп директорлары бұл жайлы басқарма басшыларын хабардар етпеген. Салдары қайғылы жағдайға ұласып №49 мектептің мұғалімі Қуат Айтқалиев 5 метр биіктен құлап, бас жарақатын алған. Қазір қызметтік тексеріс жүргізіліп, кінәлілер анықталды, -дейді басқармадағылар.
Нұржан Ахметқалиев, облыстық білім басқармасының басшысы:
Семей қаласының 3 мектебінің ұстаздары жаңа жылдық шыршаны безендіруге тартылғаны туралы анықталды. Олардың қатарында №49 мектептің мұғалімі жарақат алды. Тексеріс қорытындысы бойынша аталған қайшылыққа жол берген 3 мектептің директорына қатаң тәртіптік жаза қолданылды. Семей қаласы білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылды.
Ал қаланың бас шыршасын орнатуға 25 миллион теңге бөлініпті. Әкімдіктегілердің айтуынша, ол жасанды желекті сатып алуға жұмасалған. Ал шыршаны волонтерлер құруы тиіс болыпты. Оның орнына мұғалімдерді міндеттеп, жұмысты дұрыс ұйымдастырмаған қала әкімінің орынбасары да қатаң сөгіс алды. Ал ауыр бас жарақатын алған Қуат Айтқалиев қазір ауруханада. Оның бас сүйегі сынып, миына зақым келген.
Сымбат Аянқызы, Қуат Айтқалиевтың жұбайы:
Сенбі күні сағат 9-да шығарып тұр. Қағаз жүзінде ешқандай бұйрық болмаған. Бұл адам тағдырымен ойнау ғой. Мен білмеймін қазір оның жағдайын. Қалай болатындығын. Өте ауыр, қиын жағдай.
Төлеген Тоқмолдинов, нейрохирург-дәрігер:
Бас сүйегі сынған. Басына қан құйылған. Операцияда қанды алдық. Қазір науқас нейрохирургия бөлімінде. Қазір денсаулғына қауіп төніп тұрған жоқ.
Ержан Жақып