Қытай бизнесмені Ұлыбританияда тыңшылықпен айналысты деп айыпталып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытай бизнесмені Ұлыбританияда тыңшылықпен айналысты деп айыпталып отыр

24.12.2024

Қытай бизнесмені Ұлыбританияда тыңшылықпен айналысты деп айыпталып отыр. Бұл іске Екінші Чарльз патшаның кіші інісі Эндрю ханзаданың қатысы бар болып шықты. Қытай билігі кінәлауларды жоққа шығарды. Лондондағы тілшіміз Марина Бекенова сабақтайды.

Марқұм патшайым ІІ Елизаветаның ортаншы ұлы күдік туындаған бойда ол адаммен байланысын үзген. Баспасөздің хабарлауынша, Британ барлау қызметі аспан асты елінен Эндрю ханзадаға аударылған қаражат көздерін зерттеп жатыр. Мұны естіген патша қатты ашулы. Премьер-министрге түсініктеме беруге тура келді.

Кир Стармер, Ұлыбритания премьер-министрі:

Букингем сарайына қатысы бар кез-келген дауды көпшілікке жария ете бермейтін дәстүр бар. Бірақ, әрине, біз Қытайдан төнген қауіп-кетерге алаңдаймыз.

Күдікті елге кіруге тыйым салынған бұйрыққа қатысты шағым түсіргенімен, өтініші қанағаттандырылмады. Қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік хатшы сот шешімін құптады.

Дэн Джарвис, Ұлыбританияның қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік хатшысы:

Қазір біз бұрын-соңды болмаған ең қиын қауіп-қатердің ортасындамыз. Терроризммен қатар, бірқатар мемлекеттің қауіпсіздігімізге нұқсан келтіргісі бар.

Бұған дейін есімі жасырын сақталып келген 50 жастағы Қытай азаматы айыптауларға жауап беру үшін аты-жөнін өзі жария етуге рұқсат етті. Ян Тенгбо еш ағаттық жасамағанын мәлімдеді. Отандастары кәсіпкерді ақтауға тырысты.

Линь Цзянь, Қытай СІМ өкілі:

 Айыптаулар ақылға қонымсыз. Қытай-Британ қатынастарының дамуы екі елдің ортақ мүдделеріне сәйкес келетінін атап өткім келеді.

Жанжалдан кейін патша отбасы Рождество дастарханына Эндрю ханзаданы шақырмады. Ханзада бұрын да талай даулы істердің басы-қасында болған. Тыңшылықпен айналысты деп Лондон Бейжіңді бірінші рет айыптап та отырған жоқ.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу