Талдықорғанда 12 кітаптың таныстырылымы өтіп, оқырманға жол тартты.
Жетісулық ақын-жазушылардың төл туындыларының жарыққа шығуына жергілікті бюджеттен 16 млн теңге қаржы бөлінді. Биыл мерейтойлары өтіп жатқан Ілияс Жансүгіров пен Әбілхан Қастеевтің өмірі мен шығармашылығына арналған тың дүниелер басылды. Сондай-ақ жаңа кітаптар арасында белгілі тележурналист, қоғам қайраткері Нұртілеу Иманғалиұлының «Бай-қуатты болайық!» атты кітабы бар. Өзінің 70 жылдық мерейтойына шығаруды жоспарлаған кітапта журналистің телевизия жайындағы ой орамдары, сараптамалары, сұхбаттары және еш жерде жарияланбаған өлеңдері топтастырылған. Кітапты құрастырған жары Қарлығаш Советбекқызының айтуынша, туынды жас журналистерге бағдаршам бола алады.
Қарлығаш Советбекқызы, Н.Иманғалиұлының жары:
«Меніңше» деген циклмен таза тележурналистика жайлы жазылған. Ол жерде тележурналистерге, болашақ журналистерге арналған көптеген еңбектері бар. Өйткені телевизия маманы ретінде жас ұрпаққа, студенттерге болашақта нені білу керек, нені ескеру керек деген, яғни эфирді көріп отырып, оны қалай анализ жасау керек, қалай талқылау керек сол жайлы жазылған.
Қуаныш Қанатұлы