«Aqjaiyq» энциклопедиялық фотоальбомы жарық көрді. «Каспий Құбыр Консорциумы» компаниясының қолдауымен шыққан кітапқа Жайық өзені алабының бірегей экологиялық жүйесі, оның табиғаты мен жан-жануарлар дүниесі енген. Ресейден басталатын 2 534 шақырымнан астам өзеннің 50 пайызға жуығы яғни, 1 000 шақырымнан астам бөлігі Қазақстан жерінде жатыр. Энциклопедияның ел экономикасы мен экологиясында айрықша орны бар ең ірі су ресурсына арналуы да содан. Толығырақ әріптесім Серік Жұмабек тарқатады.
Орал - Жайық елдегі ең ұзын трансшекаралық өзендердің бірі. Ресейден Каспийге дейінгі тіршілік нәрінің өзегі болған өзеннің үлкен әрі күрделі экожүйесі, флорасы мен фаунасы Қазақстанның ұлттық байлығы саналады. Осы құндылықпен «Aqjaiyq» фотоалбомында танысуға болады.
Қайыргелді Қабылдин, «КҚК-Қ» АҚ бас директорының қазақстан үкіметімен байланыс жөніндегі орынбасары:
Кітапты 3 тілде шығарған. Қазақ, ағылшын,, орыс тілдерінде. Зерттеушілердің материалдары түгел осы кітаптің ішіне сыйды. Болашақта бұл кітап колледждерге, университеттерге, кітапханаларға тапсырылады. Мен ойлаймын бұл ғалымдарға, зерттеушілерге өте маңызды материал болады деп.
Ғылыми танымдық альбомға мыңнан астам фотоның ішінен 100-ге жуығы іріктеліп алынған. Онда сүтқоректілер мен құстардың, қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушылардың түрлі бейнелері бар. Бұдан бөлек, 2019 жылы Жайыққа жасалған экспедицияда жинақталған мәліметтердің ықшамдалған нұсқасы да қоса берілген.
Айбын Шағалақ, National Geographic Qazaqstan журналының шеф-редакторы, шығармашылық топ жетекшісі:
Фотоальбом 5 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі сүтқоректілерге арналды. Екінші бөлім құстарға, үшінші бөлім бауырымен жорғалаушылар мен қосмекенділерге арналды, төртінші бөлім ол әрине ихтиофауна, бесінші бөлім бұл осы көктемде болған су тасқынына арналды. Яғни, деректі фотолар.
Қазақстанда 500-ге жуық құстың түрі болса, соның 300-ге ге жуығы Жайық жағасында кездеседі. Ұйымдастырушылар 450 данамен шыққан кітап Қазақстанды танып- білгісі келетін кез- келген адамға пайдалы ресурс болатынына сенімді. Айта кетейік суреттердің басым бөлігін отандық фотографтар түсірген.
Ерболат Шадрахов, кәсіби фотограф:
«Aqjaiyq» энциклопедиялық фотоальбомына жиырма шақты суретім кірді. Мысалы айтқанда, бұл сурет Атырау облысында Ақжайық мемлекеттік резерватында түсірілген.
«Каспий Құбыр Консорциумы» АҚ демеушілік жасаған фотоальбомының тиражы алдағы уақытта тағы да өсіп, ғылыми-танымдық кітаптар сериясы келер жылы да жалғасуы мүмкін. Ол туралы компания өкілі айтты.
Серік Жұмабек