Тірліктің тынысы тоқсан тарау, сексен сала десек, соның бәрі де ел үшін маңызды. Сондықтан, жыл аяғында әр сала өкілдері атқарған жұмысты қорытындылап, оң және теріс тұсын таразылап жатыр. Бүгін біз қоғамның рухани кемелдене түсуіне тікелей сеп болатын сала – мәдениет жайында баяндаймыз. Өтіп бара жатқан жылдағы ең ірі оқиғалардың ізін тілшіміз шолып өтті.
Дубай сахнасында 4 күннің ішінде 6 рет аншлаг жинаған ұжым. «Астана Опера» балет труппасы Дубайда Чайковскийдің «Щелкунчик» балетін сахналады. Айта кету керек, труппаның көркемдік жетекшісі, әлемдік балет жұлдызы Алтынай Асылмұратова бастаған қазақстандық ұжымды Дубай театры арнайы шақырған.
Биыл алғаш рет қазақ өнері әлемге әйгілі арт-алаңдарда, атап айтқанда, Венеция биенналесінде, Гиме Азия өнері музейінде таныстырылды. Қазақстанның баспа өнімдері 500 жылдық тарихы бар Франкфурт кітап жәрмеңкесінде көрсетілді.
Әділ Қойтанов, ҚР Баспагерлер және кітап таратушылар қауымдастығының президенті:
Биылғы көрмедегі жетістіктің бәрі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауының арқасында болған нәрсе. Себебі, бұған дейін баспалардың бәрі бірігіп, мұндай стендтпен тұрып көрмеген. Жалпы, жыл сайын болады бұл көрме. Оған жеке-жеке баспалар ғана барып жүрген. Ал биыл үлкен Қазақстан деген стенд қойып, баспалар жеке-жеке қойып, үлкен жетістікпен оралдық деуге болады.
Биыл елімізде көптеген тарихи тұлғалар мен қайраткерлердің мерейтойлары тұтас ел бойынша сән салтанаты және мән мағынасымен аталып өтілді. Ауқымды шаралар да ұйымдастырылды. Мәселен, биыл қаламгер қауымның қара шаңырағы - жазушылар одағына 90 жыл толды.
Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы:
Жазушылар одағы руханиятты қолдау, әдебиетті насихаттауда үлкен жұмыстар жасап жатыр. Жалпы, жазушы деген халық бірінші - қоғам қайраткерлері болып есептеледі. Сондықтан, қоғамда болып жатқан өзгерістердің бәріне өздерінің көзқарастарын білдіріп отырады. Біздің Қазақстандағы қоғамдық ұйымдардың ішіндегі ең маңдайалдысы - Қазақстан жазушылар одағы десек, мақтанғандық емес деп, есептеймін.
Биыл мәдениет саласында түрлі олжалы жеңістер мен оң өзгерістер болды. Әсіресе, заң аясында ұтымды түзетулер бар. Мысалға, «Қазақфильм» киностудиясын тікелей қаржыландыруды қарастыратын заңнамалық өзгерістер Парламент қарауына ұсынылды. Саладағы жыл бойы істелген іргелі істер өткен айда президентке баяндалған болатын.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
Мемлекет басшысына министрліктің құзыретіндегі барлық бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстарды, осы жылдың қорытындысын баяндадым. Әрине, Президентіміздің нақты тапсырмалары мен үлкен қолдауының арқасында біршама жұмыс жасалды. Міне бүгін соның нәтижесі мұқият талқыланды.
Келесі жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі секілді мерейтойлық әрі маңызды іс-шаралар бар. Ендігі міндет - сондай ауқымды шараларды жоғары деңгейде өткізіп, саланың сан бағытына одан әрі серпін беру.