Бүгін Түркияның Балыкесир провинциясындағы жарылғыш заттар шығаратын зауытта жарылыс болып, 12 адам қаза тапты. Тағы бес адам жараланған. Жарылыстың нақты неден болғаны әзірге белгісіз. Алдын ала болжам бойынша апат техникалық қауіпсіздіктің сақталмауынан болуы мүмкін. Оқыс оқиға туралы толығырақ білу үшін біз Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлын эфирге қосамыз.
Айдос Әшімұлы, тілші:
Әзірге жарылыстың нақты неден болғаны анықталған жоқ. Дегенмен ел билігі мұның терролық акті емес екенін нақты айтты. Алдын ала мәлімет бойынша апат адам қателігінен немесе техникалық ақаудан болуы мүмкін деген болжам айтылуда. Қазір арнайы комиссия құрылып, оқиға орны тексеріліп жатыр. Елдің Ішкі істер министрі бір-екі күнде жарылыстың нақты неден болғанын анықтаймыз, - деді.
Әли Йерликая, Түркияның Ішкі Істер министрі:
Таңертең Балыкесирдегі бір зауытта себебі белгісіз бір жарылыс болды. Қазір оқиға орнында провинция губернаторы бастаған арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Олармен сәт сайын байланысып отырмын. Іс қозғалып, тергеу басталды. Аз уақытта жарылыстың нақты себебін анықтаймыз.
Айдос Әшімұлы, тілші:
Ыстанбұлдан шамамен үш жүз шақырым жердегі Балыкесир қаласы маңындағы Каваклы ауылында орналасқан жекеменшік зауытта мыңға жуық адам жұмыс істейді. Жарылыстан фабриканың капсула өндіретін бір қабатты цехының төбесі опырылып жерге түскен. Қайтыс болғандардың көбі сол қирандылар астында қалып көз жұмған. Ал жараланған 5 адам ауруханаға жеткізілді. Мамандар олардың жағдайы жақсы, өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ дейді.
Айдос Әшімұлы