Жыл қорытындысы: Биыл жаһанда болған ірі табиғи апаттарға шолу - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыл қорытындысы: Биыл жаһанда болған ірі табиғи апаттарға шолу

24.12.2024

Әлем биыл сан қилы табиғи апатты бастан кешірді. АҚШ-қа қазан айында соққы берген «Хелен», Кубадағы «Оскар» тәрізді өзге де дүлей дауылдардың салдарынан айығу әлі мүмкін болмай жатыр. Жауын-шашын сирек болатын Бірікке Араб Әмірліктері де алапат су тасқынынан айтарлықтай зардап шекті. Ал күні кеше Францияның Майоттасына, Мозамбикке «Чидо» циклоны соғып, екі елде жүзден астам адам опат болды. Табиғи апаттардың жиілеуіне не себеп? Ғалымдардың болжамы қандай? Тақырыпты Арай Төлегенқызы толықтырады.

2024 жыл 1 қаңтар. Жапония. Аралдық мемлекетті қуаты 7,6 балдық алапат дүмпу теңселтті. Биіктігі 5 метрге дейін цунами көтерілді. Табиғи апаттан 250-ден астам адам қаза тапты. 50 мыңнан астам баспана қираған. Ал, зілзаладан кейін жиналған 2 млн 400 мың тонна қоқысты тазартуға кемінде 2 жыл уақыт қажет.

2024 жылдың сәуірі. Ресейдің Орынбор, Қорған және Түмен облыстарында су тасыды. Өзен суының деңгейі 10 метрге жетіп, қауіпті деңгейден 2 метрге асып кеткен. Жалпы, 37 өңір су тасқынынан зардап шекті.

Мамыр айының соңы. Тынық мұхиттағы Папуа - Жаңа Гвинея мемлекетінде алапат лай көшкіні жүрді. Апат түнде тұрғындар ұйықтап жатқанда болды. Көшкін 2 мыңнан астам адамды басып қалған.

Шілде айы. Үндістан мен Пәкістан халқы муссон жаңбырдан кейін алапат тасқынды бастан кешірді. Пәкістанда су апатынан 300 тұрғын, ал Үндістанның алты штатында 170 адам құрбан болған.

2024 жылдың 6 қыркүйегі. Оңтүстік-шығыс Азия елдеріне «Яги» атты супертайфун соққы берді. Вьетнамда табиғи апаттан 340-тан астам адам мерт болды. Қытай мен Филиппинде жүзге тарта адам қаза тапқан. Вьетнамда 110 мың гектардан астам күріш алқабына зақым келді.

Қыркүйектің 16-сы. Еуропаның Аустрия, Чехия, Мажарстан, Польша, Румыния және тағы бірқатар еліне «Борис» дауылы соққы берді. Бұл елдерде үздіксіз жаңбыр жауып, су тасқыны жүрді. Дүлей дауылдан Орталық Еуропада мыңдаған қарлығаш қырылып қалған.

Дәл осы айда АҚШ сұрапыл «Хелен» дауылынан зардап шекті. 230 мыңнан астам адам табиғи апаттың құрбаны болды. Экономикаға дауылдан 124 миллиард доллар шығын келген.

Ал қазанның соңында Испанияның бірқатар өңірінде үздіксіз жаңбыр жауып, су тасқыны жүрді. Табиғи апаттан 200-ден астам адам қаза тапты. Марқұмдардың көбі – Валенсия провинциясының тұрғындары. Корольдікте үш күн қаралы деп жарияланды.

Сонымен бірге биылғы жыл тарихтағы ең ыстық кезең ретінде тіркеліп отыр. Мексика, Мысыр, Мали елдерінде ауа температурасы 50 градусқа дейін жоғарылаған. Ал әлем бойынша орташа температура биыл алғаш рет нормадан 1,5 градусқа асып кетті.

 Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу