Өскеменді қар басып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскеменді қар басып қалды

24.12.2024

Өскеменді қар басып қалды. «Қазгидромет» орталығының мәліметі бойынша өңірде соңғы үш тәулікте 15 миллиметр қар жауған. Бұл қалыпты мөлшерден 2 есеге көп. Қалың қардан қалдағы қоғамдық көліктер кестеден кешігіп, тіпті кейбір шеткі шағын аудандарға қатынас қиындап кетті. Ал жол тазалығына жауапты коммуналдық мекеме мамандары күндіз-түні жұмыс істеп жатыр.

Шеткі шағын аудандарға техника күрегі бүгін тиді. Қалың қардан соң алдымен орталық көшелердегі қар шығарылады.

Қараша мен желтоқсанда шығысқа қар көп жауған жоқ. Тек соңғы үш тәулікте басып қалды. Сондықтан жол тазалығына жауапты коммуналдық мекеме барлық техникасын жұмылдырды. Алайда қар айлық мөлшерден екі есе көп жауғандықтан толық тазалап үлгермей жатыр. Әсіресе жаяу жүргіншілер жолағының көбі қар астында қалған.

Алмат Ақышов, қала әкімі:

Тротуарды жергілікті басқарушы органдардың көмегімен істеп жатырмыз. Ол жерде жаяу енді күрекпен істелінетін жұмыс. Ол өте ауыр. 1-2 күнде қаланың бәрін тазалап шығамыз. 

Қар әлі де жауады. «Өскемен тазалық» мекемесінде 97 техника, 200 жұмысшы бар. Соңғы үш тәулікте қаладан 6 мың текше метр қар шығарылды. Көктайғаққа қарсы 1 500 тонна арнайы материал, 2 000 тонна құм және 200 тонна жанармай дайындалды.

Любовь Бухтоярова, облыстық «Қазгидромет» орталығының бөлім басшысы:

Желтоқсанның 21-і мен 23-і аралығында 15 миллиметрден артық қар жауды. Бұл айлық көрсеткіштен 9 пайызға яғни 2 есе көп. Енді қар тоқтайды. Аптаның соңына дейін қатты аяз түседі. Ал желтоқсанның 30-31 тағы қалың қар жауады.

Өскемендіктер жаңа жылды қалың қармен қарсы алмақ. Ал қаңтарда қатты аяз болса, ақпанда арқыраған ақ боран бар.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу