Қазақстандағы азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігі жоғары бағаланған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандағы азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігі жоғары бағаланған

26.12.2024

Ақтаудағы ұшақ апатынан кейін ел арасында, әсіресе, әлеуметтік желіде қайғылы оқиғаның себебін болжап, түрлі нұсқаны алға тартып, тіпті сауаланама жүргізіп жатқандар бар. Бірақ нақты ресми мәлімдеме жауапты комиссияның қорытындысында ғана айтылады. Бұл – халықаралық азаматтық авиация ұйымының шарты. Қазақстан сол ұйымға мүше екенін білеміз. Бұл апат қазақстандықтарды ғана емес, тұтас әлем жұртын алаңдатып, әуе қатынасына деген секем туғызғаны рас. Сондықтан біздегі азаматтық авиацияның әлеуетін тағы бір таразылап көрейік.

Әуелі ұшақтың қай бөлігі жолаушы үшін қауіпсіз деген мәселеге мән берсек. Себебі қазір бұл ел арасында қызу талқыға айналған тақырып. АҚШ-тағы Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесі зерттеу жүргізіпті. Олар 1971 жылдан бергі 20 апатты талдаған. Сол ізденістің қорытындысы бойынша ұшақтың артқы бөлігінде отырғандардың апат кезінде аман қалу мүмкіндігі 69 пайызға тең деп есептелді. Бизнесс-класта – 49 пайыз. Ал авиация саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан бірнеше қалада әуежай директоры болған Ерғазы Жолдасовтың пікірі басқа.

Ерғазы Жолдасов, ҚР құрметті авиаторы:

Меніңше ұшақтың арт жағы қауіпсіз деуге болмайды, өйткені ол арт жағымен де құлауы мүмкін. Есіңізде болар, жақында ресейде ұшақ қонған кезде артқы жағы тиіп кетіп, өрт артынан бастап өртенді. Сол кезде алдыңғы қатарда отырған адамдар алдыңғы есіктен қашып шықты. Ұшақтың барлық жері қауіпсіз. Өйткені негізінде ұшақ ол құламау керек.

Ақтаудағы қайғылы жағдайда «Embraer 190» ұшағы құлаған. Бұл – жаңа ұшақтардың бірі. Алғаш рет әуеге 2004 жылы көтерілген. Бразилияның өнімі. Бұл ұшақ біздің елімізде де тіркелген. Мысалға, Air Astana-ның ресми сайтында 54 әуе кемеміз бар деп көрсетілген. Солардың арасында Embraer де тұр. Бірақ ол ұшақ соңғы рет 2019 жылы ғана қолданылған. Алайда бұл ұшақтың сапасына емес, әуе компаниясының саясатына байланысты шешім болса керек.

Ерғазы Жолдасов, ҚР құрметті авиаторы:

Негізі әуе компанияға бір типтің болғаны жақсы. Мысалға, аэробус болса, аэробус. Әр тип болған тиімді емес. Оның бөлшектері, технологиясы бөлек.

Биыл отандық әуе компаниялары паркі тағы 5 ұшақпен толықтырылды. Халықаралық рейстердің географиясы аптасына 760 рейс жиілігімен және 132 бағыт бойынша 33 елге дейін кеңейтілді. Ішкі әуе тасымалын алты әуе компания жүзеге асырады. Олар аптасына 640 рейс жиілігімен 53 бағыт бойынша рейстерді орындайды.

Абыл Кекілбаев, сарапшы:

Халықаралық азаматтық авиация ұйымы 2021 жылы валидациялық миссия өткізгенде осы біздің азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігін қадағалағанда 82 пайыз көрсеткіш белгілеген. Осы көрсеткіш орташа Еуропа елдерінде жоғары деп саналады.

Расында да Қазақстан ТМД елдері арасында ұшу қауіпсіздігі стандарттарын сақтаудың ең жоғары деңгейін көрсетіп отыр. Бұл ең маңызды мәселе. Оның үстіне елімізде жыл сайын әуе транспортын пайдаланатын азаматтардың саны өсіп келеді. Мысалға, былтыр Қазақстанда әуе компаниялары 13 млн-нан жолаушыға қызмет көрсеткен. Биыл алғашқы жарты жылдың өзінде 7 млнға жуық жолаушы болған еді.

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу