Қанат Бозымбаев ұшақ апатының себебіне қатысты түсінік берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қанат Бозымбаев ұшақ апатының себебіне қатысты түсінік берді

27.12.2024

Ақтау қаласы маңында болған ұшақ апатының себебіне қатысты Премьер-Министрдің орынбасары, Үкіметтік комиссияның төрағасы Қанат Бозымбаев түсінік берді. Арнайы ұйымдастырылған брифингте тергеу шараларының басталғанын және табылған қара жәшіктегі деректер қай уақытта жария болатынын жеткізді. 

Премьер-министрдің орынбасары, Үкіметтік комиссияның төрағасы Қанат Бозымбаев Ақтау маңындағы ұшақ апатының себебіне қатысты түсінік берді. Үкіметтік комиссияның төрағасы брифингте оқиғаның нақты себебі кешенді тергеу шараларының нәтижесінде белгілі болатынын айтты.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Үкіметтік комиссияның төрағасы:

Ұшақ құспен соқтығысқан ба, әлде ішінде жарылыс болды ма, ол қорытынды шыққанда ғана белгілі болады. Біз Әзербайжандағы әріптестерімізбен үнемі байланыстамыз. Бізге әлі ешкім нақты нұсқасын айтқан жоқ, ресми түрде біз Ресейден де, Әзербайжаннан да ешқандай нұсқаны алған жоқпыз. Дәл қазір ресми нұсқа жоқ. Сондықтан біз қандай да бір ақпаратты растай да, жоққа да шығара алмаймыз.

Ресей мен Әзербайжан Елдерінің құқық қорғау органдары криминалистикалық тергеуге жіберілмейді

Ресей мен Әзербайжан елдерінің құқық қорқау органдары криминалистикалық тергеуге жіберілмейді. Бірақ олар ұшақ апаты бойынша тергеуге қатыса алады, деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев. Сондай-ақ құлаған ұшақтың қара жәшігін оқуға орташа есеппен екі аптадай уақыт керек болады. Қара жәшікті оқу мәселесін не істеу қажеттігін ертең келетін мамандар нақты айтады. Солар шешім қабылдайды.

Талғат Ластаев, ҚР Көлік министрінің орынбасары:

Комиссия қара жәшік бойынша шешім шығарады. Процесс басталды. Фрагменттер жиналып жатыр, әр детальге мән беріледі. Сарапшылар шақыртылды. Олар ертең келіп жетеді.

Брифингте Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев зардап шеккендерге қор ашып, ақша жинаудың қажет емес екенін айтты. Сондай-ақ ол әуе апатын тергеу жұмыстары Қазақстан құзыретінде және Бас прокурордың қатаң бақылауында екенін жеткізді.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу