Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты кешенді тергеу шаралары жүріп жатыр. Бұл туралы кеше өткен Үкіметтік комиссияның брифингінде айтылды. Қазір оқиға орнында Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған Үкіметтік комиссия мүшелері жүр. Құрамына Маңғыстау облысының әкімі, Төтенше жағдайлар, Көлік, Сыртқы істер, Ішкі істер, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, сондай-ақ Бас көлік прокуроры енген комиссия оқиға орнында жұмыс істеп жатыр.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Үкіметтік комиссияның төрағасы:
Ұшақ құспен соқтығысқан ба, әлде соққы алды ма, қорытынды шыққанда ғана белгілі болады. Біз Әзербайжандағы әріптестерімізбен үнемі байланыстамыз. Бізге әлі ешкім нақты нұсқасын айтқан жоқ, ресми түрде біз Ресейден де, Әзербайжаннан да ешқандай нұсқаны алған жоқпыз. Сондықтан қандай да бір ақпаратты растай да, жоққа да шығара алмаймыз.
Брифингте Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев зардап шеккендерге қор ашып, ақша жинаудың қажеті жоқ екенін айтты. Өйткені мемлекеттен өтемақы беріледі. Айта кету керек, Ресей мен Әзербайжан елдерінің құқық қорқау органдары криминалистикалық тергеуге жіберілмейді. Бірақ олар ұшақ апаты бойынша тергеуге қатыса алады.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
Комиссия мүшелері тек министрліктердің, тиісті департаменттердің қызметкерлері. Ал басқа мамандар өндіруші ел - Бразилия немесе ұшақ қай елге тиесілі Әзербайжан немесе қай жақа бара жатқаны Ресей Федерациясы, олар тек сарапшы ретінде қосымша жұмылдырылады.
Аягөз Оралбайқызы