Жедел көмек көрсету құрылымдары шұғыл әрі үйлесімді әрекет етті. Бүгін Ақтау қаласы маңындағы ұшақ апатына байланысты кеңес өткізген Президент осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаев марқұмдардың отбасы мен жақындарына тағы да көңіл айтты. Үкіметтік комиссияға қайтыс болған Қазақстан азаматтарының туған-туыстарына айрықша қамқорлық көрсетуді, сонымен қатар, зардап шеккен шетел азаматтарына қажетті медициналық және психологиялық тұрғыдан толық көмек беруді тапсырды.
Президент оқиға орнында кәсібилігін көрсеткен құтқару қызметінің жұмысына назар аударды. Ал Қазақстан халқы жанашырлық, ұйымшылдық және шынайы тілеулестік қасиетін көрсетті деген Мемлекет басшысы, жұрттың кезекке тұрып, қан тапсырғандардың жанашырлығына ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстан Республикасының Президенті:
Ең алдымен жедел көмек көрсету құрылымдары апат кезінде шұғыл әрі үйлесімді әрекет етті. Апаттың салдары бұдан да ауыр болуы мүмкін еді. Біз бұған жол берген жоқпыз. Адам өмірін сақтап қалдық. Құтқару жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілді. Қажетті ақпараттың барлығы жұртшылыққа уақытылы беріліп тұрды. Яғни оқиға бойынша толыққанды мәлімет бәріне бірдей ұсынылды.
Азаматтарымыз алғашқы минуттан бастап зардап шеккендерге көмек қолын созды. Халқымыз жанашырлық, ұйымшылдық және шынайы тілеулестік қасиетін көрсетті. Жұрт кезекке тұрып, қан тапсырды. Әзербайжан елшілігі ғимаратына гүл шоқтарын қойды
Мемлекет басшысы еліміздегі авиациялық қауіпсіздіктің жай-күйін мұқият тексеруді тапсырды. Сондай-ақ, Үкіметке апат салдарын жоюға атсалысқан адамдардың ерлігі мен еңбегін лайықты бағалап, оларды мемлекеттік наградаға ұсынуды айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстан Республикасының Президенті:
Құтқарушылардың, дәрігерлердің және волонтерлердің адал қызметіне күллі әлем куә болды. Әсіресе, көршілес әрі серіктес елдер – Әзербайжан, Ресей, Қырғызстан азаматтары айрықша алғыс білдіріп жатыр. Үкімет апат салдарын жоюға атсалысқан адамдардың ерлігі мен еңбегін лайықты атап өту қажет. Ерекше көзге түскен азаматтарға мемлекеттік наградалар беру керек.
Кеңесте Үкіметтік комиссия төрағасы, Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев, Бас прокурор, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Ішкі істер министрі және Денсаулық сақтау министрі баяндама жасады. Президент Үкіметтік комиссия мен Бас прокуратураға басқа құзыретті органдармен бірлесіп, ұшақ апатына жан-жақты әрі объективті тергеу жүргізу міндетін жүктеді. Ақпараттық арандату мен фейкке жол бермеу аса маңызды, - деді Мемлекет басшысы.
Самал Қабышева