Оралдың жылу электр орталығында ұзаққа созылған жаңа бу турбинасының құрылыс-монтаж жұмысы аяқталды. Жылу орталығы 60-шы жылдары салынған. Апаттың алдын алу мақсатында құрал-жабдықтары жаңартылып жатыр. Жаңа бу турбинасынан қосымша жарық пен жылу алынады. Желі толық автоматтандырылған. Компьютермен басқарылады. Апатты жағдайда өзі айырылып, ақау жойылғасын өзі қосылады. Қазір мамандар агрегатты қосып көріп, тексеріп жатыр.
Бақытжан Әкімғожин, «ЖайықЖылуҚуат» Ақ бас директоры:
Энергетикалық қазандықтардан келген бу мына турбинаны айналдырады. 3 мың айналымға шығарылғаннан кейін турбинаның аяқ жағында орнатылған генератор 12 МегаВат электр энергиясын өндіреді.
Турбоагрегатты ауыстыру жобасы 5 жыл бұрын басталған. Былтыр іске қосылуы керек еді. Алайда қаржы тапшылығы, құрылыс жұмысындағы қиындықтарға орай кестеден кешіккен. Жобаның жалпы құны 3,2 млрд теңге. Стратегиялық нысанға қаржының тиімді жұмсалуын сыбайлас жемқорлық қызметі қадағалап, мониторинг жасады. Ресейлік зауыттан әкелінген агрегат енді наурызда толық қолданысқа беріледі.
Біржан Хайруллин, облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы
«ЖайықЖылуҚуат» компаниясындағы жылу агрегатын ауыстыру құрылысының аяқталмағаны анықталды. Сәйкесінше сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бақылауына алынып, жергілікті атқарушы органдардың және мамандардың қатысуымен құрылыс жұмыстарын уақытында аяқтау бойынша сүйемелдеу жүргізілді.
Ардақ Мұратқызы