Жаңа жыл қарсаңында Алматы облысы, Кеген ауданына қарасты Бөлексаз ауылында Мәдениет үйі қолданысқа берілді. Шет аумақта орналасқан шағын елдімекенде түрлі мәдени іс-шаралар бұған дейін мектептің шағын залында өтетін. Енді кең сахнада, зәулім сарайда өнер көрсетуге тамаша мүмкіндік бар, дейді ауыл халқы. Жаңа нысанның ашылуына келген жұрттың қуанышын әріптесім Айдана Қуантхан жеткізсін.
Мағия Наурызбаева 30 жылға жуық музыка пәнінен сабақ береді. Ауылда Мәдениет үйі болмағандықтан, мектеп қабырғасынан домбыра үйірмесін ашып алған. Төл өнерімізге жанашыр ұстаз енді 60 шәкіртімді үлкен сахнаға жинап, жаңа ашылған Мәдениет үйінде концерт беремін, деп қуанып жүр.
Мағия Наурызбаева, ауыл тұрғыны:
Ауылымызда мәдениет үйі ашылып, одан да қуанып жатырмыз. Домбыраны қолына ұстаған баланың бойынан имандылықтың, жылу дарып, қатігездіктен ада болады, деген нақылды негізге ала отырып, бүгінде оқушыларымыздың үйірмеге қатысатын саны көбеюде.
Арай Байжұма, оқушы:
Мектебіміздің АКТ залында орын кіші болғандықтан, бізге, бишілерге орын шектеулі болатын. Осы мәдениет үйінің ашылуы ауылымыз үшін, өнерпаздарымыз үшін өте үлкен қуаныш болды.
Елі іші дарынды өрендерден кенде емес. Өнер қонған жастары қазақтың биін-күйін серік еткен. Ал аға буын 1990 жылдары құрған «Алау», «Ақниет» ансамбльдері әлі күнге дейін сахнада өнер көрсетіп жүр.
Қызай Рахымбай, ауыл тұрғыны:
Үлкен қуанышымыз құтты болсын. Осындай мәдениет үйлері көбейіп, ауылымыз көркейіп жатыр. «Ақниет» әжелер ансамблі бар. Олар Халықтық атағын қорғауға дайын жүр.
Гүлнәр Әкімжанова, ауыл тұрғыны:
Бөлексаз жастары өте өнерге шебер. Сахнамыз өте үлкен, бұл жерде көп үйірмелер, көп балалар шығады.
1200-ден аса тұрғыны бар Бөлексаздың құрылғанына – 60 жыл. Бұл ғимарат осы уақыт аралығында қолданысқа берілген алғашқы Мәдениет үйі. 150 адамға шақталған қос қабатты ғимаратта кітапхана, үйірме залдары бар. Сахнасы да сәнді, заманауи шамдармен көмкерілген. Көрерменге де қолайлы жағдай жасалыпты.
Төлеужан Нүсіпжанов, облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы:
Мәдениет ошақтары халыққа ауадай қажет. Өйткені, бүгінгі күндері өнер қайраткерлерінің барлығы ауыл сахнасынан шыққан адамдар.
Осы жерде ән айтатын дәрігерлер бар, малшылар бар. Халықпен жұмыс істеп, халықтың арасындағы өнерлілердің басын қосу. Биылдың өзінде облысымызда 4 мәдениет үйі құрылыстан кейін қолданысқа берілді.
Ғимараттың құрылысы 3 жыл бұрын басталған. Жалпы жоба құны - 279 млн теңге. Енді мұнда тоғызқұмалақ, ән-би, домбыра, қобыз сыныбы ашылып, қолөнер бұйымдарын жасауды үйрететін үйірмелер жұмыс істейді.
Айдана Қуантхан