«Гауһартас» спектаклі осы аптада 250-ші рет қойылды. Астана Музыкалық жас көрермен театрының бұл қойылымы рухани-мәдени кеңістікте ерекше шам болып жағылғаны рас.
Асхат Маемиров, музыкалық жас көрермен театрының директоры, «Гауһартас» музыкалық драмасының қоюшы режиссері:
Спектаклдің шынайы шаққаны сонша, бүгін міне 250-ші мәрте көрсетіп отырмыз. Бұл бір жыл 10 айдың ішінде жалпы Қазақстан емес, Еуразия кеңістігінде дәл осы музыкалық драма жанрында сахналанған рекордтық көрсеткіш.
Күрделі дүниенің бәрі қарапайым болып шығады. Барынша шынайылық. Ізгі ниет пен кір жұқтырмайтын сезім. Барды бағалау. Дулат Исабеков «Гауһартас» повесін 1967 жылы жазған. Шығармада сипатталған формация жоқ. Ал дәл сондай адамдар жүр. Себебі адам болмысы өзгермейді.
Инабат Ризабекқызы, Салтанаттың рөлін сомдаған актриса:
Салтанаттың бүкіл өмірі келін боп түскенннен бастап, жадырап жүргеннен бастап, қайғылы оқиғаға дейін бүкіл ішімнен сол ситуацияны, сол өмірді қанша рет ойнамын, сонша рет сахнада өмір сүруге тырысамыз.
Асхат Маемиров, музыкалық жас көрермен театрының директоры, «Гауһартас» музыкалық драмасының қоюшы режиссері:
Бұл қойылымды қолға алған кезде үлкен бір идеяны алға тарттық. Ол қазақ отбасының негізгі тірегі – сыйластық, махаббат деп аталатын аяулы сезімдер. Бұл сезімдерді әрбір қазақ шаңырағы көзінің қарашығындай сақтай білсе, бұл отбасының төрінде бақыт та, ырыс та, береке де салтанат құрады. Және әрбір, қазақ азаматы өзінің жан-жарын, аналарымызды қыздарымызды аялай білу керек. Әйелді аялай білген қоғам – нағыз өркениетті қоғам.
Асхат айтады, қойылымға 4 млн 103 мың теңге бөлінген, 2 жылға жетер-жетпес уақытта 141 млн теңге табыс таптық деп. «Діңкіш-діңкіш» деп шартты түрде атайтын контент емес. Салмақты дүние. Бірақ актерлар өңшең жастар. Әлде сол жастықтың жалыны шарпыды ма, бізді?
Асхат Маемиров, музыкалық жас көрермен театрының директоры, «Гауһартас» музыкалық драмасының қоюшы режиссері:
Спектакльдің атын жайған әрине ең бірінші кезекте, Дулат ағамыздың өміршең прозалық туындысы. Екінші кезекте, спектакльге алынған әндер деп есептеймін. Себебі осы спектакльде билейтін, айтылатын «Құдаша» халық әні, «Ләйлім шырақ» әндері қазірдің өзінде 10 млн-нан астам қаралым жинады. Ол тик-ток, инстаграм желісі арқылы миллиондаған көреременге таратылды. Қытайдағы, Ресейдегі, Түркиядағы қазақ жастары осы қойылымдағы әндер мен билерді хит әндеріне айналдырды.
Динара Қожабаева, жазушы, драматург Дулат Исабековтың әдеби менеджері:
«Гауһартас» повесі соңғы екі жылда «Меломен»кітап сату желісінде рйетингте бірінші орын алып келе жатыр. Сондықтан, бұл шығарма қазақ әдебиетіндегі санаулы өміршең шығармалардың бірі. «Гауһартас» спектаклі қазақ спектакль өнерін жаңа деңгейге көтерді.
Қазыбек Есқара, Тұрымбеттің рөлін сомдаған актер:
Бірінші кезекте, шығармаға байланысты. Екіншіден, қойған режиссерға байланысты. Шығармашылық шешімдері, музыкалық қсоқан әндері бар. Сонымен қатар, актерлердің жоғары деңгейде ойнағаны шығар. Біз шығарманы көрсеттік, әрі қарай алу-алмау, көрерменнің ойы. Керек деп шешсе, жақсы түсінсе, олай жасауға болмайтын әрекеттерді көрген болса, соның өзі жеткілікті.
Салтанатты сомдаған Инабат Ризабекова, Тастанды ойнаған Оразалы Игілік, Қайыркен рөліндегі Асылхан Төлепов, клуб меңгерушісі болған Ернар Мұхамбет, партия хатшысын салған Аружан Бағзат, жігіттердің «Анасы» образындағы Калима Наушабаева, бәрі-бәрі спектакльді асқан бір құштарлықпен ойнап шықты. Бала күнімде басты рөлді Жанна Қуанышева сомдаған кинофильмді көріп, сосын шығарманың өзін оқып, есімімді Салтанат деп өзгерткім келгені бар. Салтанат образы – аллегория. Гауһартас сияқты түзген.
Гауһартас жонып алатын алмаздың қалай өндірілетінін Якутияда көрген едік. Алмаз «кимберлит» деген көмір сияқты қошқыл тастан шығады. Гауһартас қатпары көп адам жанын елестеді. Сирек кездесетіні, адам жанын да сирек ұғатынымыздай.
Ал актерлары кілең жас театр түсініп қойған. Басқа салаларда да сондай үрдіс байқалады. Жалындаған жастар көп дүние істеп жүр. Мағжан Бекенұлы Жұмабаев ақынның айтқаны айдай келді.