Қаңтардағы сынақ - 3 жылдан кейін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаңтардағы сынақ - 3 жылдан кейін

03.01.2025

Тура үш жыл бұрын Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең қайғылы, ең қанды оқиға болды. Елдің Батыс аймағында басталған шеру – жаппай тәртіпсіздікке, қарулы шабуылдар мен терроризм актілеріне ұласты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы бастаған саяси реформа экономикада монополиялық жағдайға ие топтардың мүдделеріне қайшы келіп, қауіп төндірді. Олар қалыптастырған бейресми билік жүйесі біртіндеп құлдырай бастаған еді. Сондықтан, қастандық жасаушылар - мемлекеттік төңкерісті көздеді. Қаңтар оқиғасы жайлы келесі материалда толығырақ баяндалады.

Жаңаөзен. 2022 жыл. Қаңтардың алғашқы күні. Сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге дейін көтерілуіне байланысты шеру басталды. Бұл шеру алдын ала жоспарланған деген болжам бар. Себебі,билік бағаны түсірсе де, еліміздің басқа аймақтарында арандатушылар пайда болып, радикалды ұрандар естіле бастады. Мемлекеттік билікті құлатуды талап ететін экстремисттік талаптары бар бүлікке ұласты.

Ермұрат Бәпи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Негізінде қаңтар қайдан пайда болды? Мұны қоғам ұйымдастырған жоқ бұл қаңтарды. Бұл мүдделі топтардың әрекетінен туған дүние. Менің өз ойымша біздің ішкі радикалды күштер, оның ішінде діни күштер де бар, оның ішінде саяси күштер де бар, осы әлеуметтік толқудан, газдан туған толқуды өз мүдделеріне пайдаланып кету жағынан әрекет қылды.

Қастандық жасаушылар бірнеше аймақтағы әкімдіктің ғимаратын басып алды. Қылмыстың әрекеттің негізгі ошағы мен орталығы Алматы қаласы болды. Бір ғана Алматы полиция департаментіне 6 қарулы шабуыл жасалды. Бұл дүрбелең алдын ала жоспарланып,мүдделі топтар мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғаны фактілермен дәлелденді.

Қазыбек Майгелді, саясаттанушы:

Қаңтар оқиғасы әрбір азамат үшін, билік үшін де, кез келген санаттағы азаматқа үлкен көзқарасты қайта қарауға мүмкіндік берді деп ойлаймын. 

Мемлекет басшысы шұғыл шара қабылдап, ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәсімов мемлекеттік сатқындық жасамақ болған күдікті ретінде қызметінен босатылып, қамауға алынды. Кейін 18 жылға сотталған еді. Қастандық жасаушылардың бетін қайтарып, толық ауыздықтағаннан кейін 10 қаңтар жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Қаңтар оқиғасында 238 адам қаза тапты. Бір ғана Алматы қаласында 151 адам көз жұмған. Үш мыңнан астамы жарақат алған. ІІМ мәліметінше қаңтарда 1 466 ғимарат бүлінген. Талай адам кәсібінен айырылды. Тәртіпсіздіктен келген экономикалық шығынның жалпы сомасы 3 млрд доллар шамасында. Қаңтар оқиғасынан кейін 2019 жылы басталған басталған реформа жеделдетіліп, қарқын алды. Мемлекет басшысы наурыз айында кезектен тыс жолдау жариялады.

Серік Ақылбай, «Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ төрағасы:
Бүкіл билік системасы өзгертілді. Демакратиялық үрдіс пен заңдар өзгере бастады. Соттың әділдігі туралы мәселе көтерілді.  

Мемлекет басшысы қаңтар оқиғасына қатысты рақымшылық жариялаған болатын. Арандатушылардың ырқына еріп, қылмыстық әрекет жасаған адамдар жазадан босатылды. Қазір Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаның екпіні артып, ауқымы өсуде. Тіпті, бір жылдың өзінде референдум мен бірнеше сайлау науқаны өтті.

Азамат Бейбітұлы 


Хабарламаларға жазылу