Өзбекстан Арал теңізінің құрғаған табанына сортаң жерге барынша бейімделген өсімдік түрлерін егуді қолға алмақ. Бұл іске экологтармен қатар ғалымдар да тартылады.
Арнайы тәжірибе жұмыстары жүргізіліп, шөлге төзімді жасыл желек анықталып, өндіріске ұсынылады. Мақсат - аймақты көгалдандырып, Аралдың экожүйесін қалпына келтіру. Жергілікті халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Экология министрлігі бастамашы болған жобаға ауыл шаруашылығы саласының ғалымдары да атсалысуда. Қазір сортаң топырақта тамыр жаятын өсімдік түрлерін анықтау мақсатында сынақ жұмыстары басталды. Өзбекстан Арал теңізінің түбін көгалдандыруды бірнеше жылдан бері үзбей жүргізіп келеді. Соңғы бес жылда 2 млн гектарға жуық аумаққа көшет отырғызылды.
Зиновий Новицкий, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:
Қазақстаннан бірнеше рет үкіметтік делегация өкілдері келді. Мақсат - екі елге ортақ Арал теңізінің жайы. Көгалдандырумен қатар аумақты адамзаттың игілігіне жарату, теңіздің табанына мал азығы болатын өсімдіктер егу, бал арасын өсіру секілді бірнеше жобаларды дамыту жоспарда бар.
Базаркүл Отыншиева