Бүгін Мемлекет басшысы бірқатар нысанды аралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін Мемлекет басшысы бірқатар нысанды аралады

06.01.2025

Астанада жаңа студенттер үйі ашылды. Қазақстанда теңдесі жоқ жатақхана соңғы үлгідегі жобамен салынған. 2700-ге жуық орынға шақталған нысанды Мемлекет басшысы аралап көрді. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше оқу орны, өндіріс ошақтарының жұмысымен танысты.

Президент «Kis Astana» халықаралық мектебін аралады

Президент алдымен Kazakhstan International School Astana мектебіне барды. Білім беру мекемесі 800 оқушыға және мектеп жасына дейінгі 120 балаға есептелген. Мектеп халықаралық бакалавриат аккредитациясынан өткен. Оқу кабинеттері әрбір оқушының алаңсыз білім алуына және қарым-қабілетін ашуына қолайлы жағдай жасайтын заманауи технологиялармен жабдықталған.

Президент «QazSwimAcademy» спорт орталығына барды

Ал бұл - QazSwimAcademy спорт орталығы. Бірегей кешенде спортшыларды даярлауға қажетті барлық жағдай жасалған. Ересектер мен балалар ұзындығы әртүрлі 5 бассейнде жаттыға алады. Топтық жаттығулар 25 бағыт бойынша жүргізіледі. Сонымен қатар мұнда кәсіби жаттығу залы да бар. Президент жас спортшылармен әңгімелесіп, мемлекет спорт инфрақұрылымдарын дамытуға ерекше мән беретінін айтты.

 Жаңа студенттер үйі ашылды

Мемлекет басшысы Еуразия ұлттық университетінің студенттері мен магистранттарына және докторанттарына арналған жатақхананы да аралып көрді. Ғимарат құрылысында ерекше қажеттілігі бар студенттердің де талап-тілегі ескерілген.

Азамат Жұматаев, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенттер үйлері дирекциясының директоры:

Бұл жатақханамыздың басты ерекшелігі - заман талабына сай барлық жағдай жасалған. Білім алушылардың еркін білім алып, жатақханада ғылыммен біліммен қоса жалпы өмір сүруіне жағдай жасалған. Жатақханада білім алушылардың әртүрлі санатына арналған бөлмелер бар. Мүмкіндігі шектеулі студенттерге, ғылыммен айналысатын магистрант докторанттарымызға 1,2,3,4 курс студенттеріне арналған арнайы бөлмелер жасақталған.

Айтолқын Тұрғанбай - 3 курс студенті. Оған жаңа жатақханадан орын бұйырған. Жайлы жағдай жасалса, жастардың жаңа жобалар мен ғылыми ізденістермен айналысуына мүмкіндік туады. Ал бұл - білім сапасын арттырады, дейді Айтолқын.

 Айтолқын Тұрғанбай, 3 курс студенті:

Астанадай суық қалаға келген студенттердің басын біріктіретін жер. 1-курсымда жатақханаға ешқандай қиындықсыз кірген болатынмын. Себебі студенттер саны аз болды. 2-курста орын жетіспеушілігі болды. Сол себептен жатақханада тұра алған жоқпын. Ал биыл 3-курста жатақханаға орналасайын деп жатырмын.

Жалпы, былтыр ел аумағында 11 мынан астам студентке арналған 40 жатақхана пайдалануға берілген. Биыл елорданың өзінде 3400 орындық 7 жатақхананы іске қосылмақ.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Бұл студенттер үй бірнеше блоктан тұрады. Бас аяғы 2700-ге жуық тәлімгер осында орналастырылмақ. Яғни, бұл қаланың қақ ортасындағы студенттер қалашығына айналады. Осылайша Еуразия ұлттық университеті жатақхана мәселесін 100 пайзыға шештік деп отыр.

Президент бірнеше өндіріс орнын аралады

Одан соң Президент өндіріс нысандарын аралады. Францияның Alstom компаниясы бірнеше жылдан бері Астанада электровоз құрастырып келеді. Зауытта «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының тапсырысымен 380 жүк және 70 жолаушылар электровозы шығарылған. Сондай-ақ олардың қосалқы бөлшектері өндіріледі. Бұдан бөлек, жүк электровоздарының 80 секциясы Әзербайжанға экспортталған.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Мынадай бір локомативті құрастыру үшін 27 мың компонент пайдаланылады екен. Оның басым бөлігі Қазақстанда шығарылады. Бұл зауыттың жұмысы 7 пайызға жергілікті өнімдерді пайдаланады. Оның шығаратын Қазақстандық 270 компания осы зауытпен бірлесе жұмыс істеп жатыр. Ал мына локомативтің жүрегі саналатын трансформатор тура осы зауытта шығарылады.

Яғни ірі зауыт ұсақ кәсіпкерліктің де дамуына серпін берген. Қазақстанның әр аумағынан өндіріс орындары өз тауарын осы алаңға келіп өткізіп жатыр.

Ерназ Есберген, кәсіпкер:

Менен бұрын 17 жеткізуші жасаған. Кішкентай-кішкентай темір-терсекті Еуропадан алып келген. Оны әкелуің бар, оны дәнекерлеп жинау керек. Механикалық өңдеу жасау керек. Соның бәрін мен өзіме алдым. Атырау қаласында бәрін нөлден бастап жасаймыз.

Болашақта зауыт өз жобасын өндіріске енгізбек. Осы ретте Президентке жаңа буын локомотивін құрастырудың жолдарын жеткізді. Ал, құны бұрынғы нұсқасымен салыстырғанда 40 пайызға төмен, ал тиімділігі 20 пайызға жоғары.

 Бейбіт Ыбыраев, жоба менеджері:

Қазақстандық инженерлер Француз әріптестерімізбен бірге жаңа типті 6 осьті локомативтерді жобалап, дайындап, біз соны ҚТЖ-мен бірге даярлап жатырмыз. Оның ерекшелігі контейнерлік тасымалдауға бағытталған. 6 осьты және 1 секциялы. ТМД елдерінен көп сұраныс болып жатыр. Сондықтан біз сол жобаға барлық зейінімізді салып отырмыз.

Жас мамандармен жүздесуде Президент 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланғанын еске салып, мемлекет өндіріс саласында жұмыс істейтін жастарға қолдау көрсете беретінін айтты.

Сондай-ақ Президент тротуар жабындысын өндіретін «Asyl Qala» және автоклавты газ блоктарын шығаратын «Uniton» зауытымен танысты. Әрқайсысы 100-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев құрылыс индустриясы экономиканың маңызды бағыты екенін атап өтіп, жергілікті өнім көлемін арттыру қажеттігін айтты.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу