Түркістандық құсбегі атадан қалған асыл өнерді бүгінде жастарға үйретіп жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістандық құсбегі атадан қалған асыл өнерді бүгінде жастарға үйретіп жүр

07.01.2025

Құсбегілік – атадан мирас болып келе жатқан бекзада өнер. Ал қыран құс таза адамды жақсы көреді. Сондықтан бүркіт асырап, қыран баптаған құсбегі олжалы болады,-дейді Түркістандық құсбегі Бекет Шалипов. Бүркітші атадан қалған асыл өнерді бүгінде жастарға үйретіп жүр.

Түркістан қаласының тұрғыны Бекет Шалипов бүркітшілер әулетінен шыққан. Жеті атасынан бері қарай өз әкесі де құсбегілік өнерді тұмардай сақтап, балаларының бойына сіңірген. Ол бала кезден әкесіне еріп, аңға шығып, құс баптаудың қыр-сырын үйренгенін айтады. Бүгінде қолы қалт еткенде қала сыртына шығып, құс ұшырады. «Қыран қолда көп отырмай, қанатын жазып тұруы тиіс»,- дейді.

Бекет Шалипов, құсбегі:

Аты – Ақиық, 10 жаста, 2014 жылы қолыма түсті. Содан бері міне 10 жыл болды серіктесіп, екеуіміз бір-бірімізге бауыр басып қалғанбыз. Енді 1-2 жылдың көлемінде бостандыққа қоя берсек пе деген ой бар. Өйткені құстар ұя тауып, балапан шығару керек. Бізде 8 -10 жылда қоя береді.

Құсбегі бекзада өнерді кейінгі буын жастарға үйретуден жалыққан емес. Сондықтан қыран ұстауға құмар жастар да үнемі саятшының қасынан табылады. Өз ұлы Әли де ит жүгіртіп, аң аулағанды ұнатады.

Әли Алдаберген, құсбегінің ұлы:

Ол аңға шыққанды қатты жақсы көреді. Өйткені біз аңға шығатын кезде оларға тамақ бермейміз. Олар қарны аш болғандықтан тырысады аң аулауға. Қатты тамақ беріп қойсақ, ол жүгіре алмай қалады.

Дархан Әлзақ, құсбегінің шәкірті:

Құс баптау өте қиын. Ол да өзіңнің бір сәбиің сияқты суын беруің керек, астын тазалау керек. Тұрған жері өте таза болуы керек. Берген тамағыңда таза болу керек. Сондай-сондай баптаулары бар.

Құсты баптау қаншалықты қиын болса, оны аңға алып шығудың да соншалықты қызығы бар. Саятшы оны көпшілік сезіне бермеуі мүмкін. Сондықтан баптаған бүркітің аң алған сәттегі әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, оны тек сезіну керек,- дейді.

Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу