АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласы маңында шыққан өрттен қаза тапқандардың саны сәт санап өсіп жатыр. Қазірдің өзінде бес адамға жетті. Ал мыңнан аса ғимарат қирап, 1,5 миллион адам жарықсыз қалды.
Әйгілі Голливуд орналасқан шаһардың маңында кеше бір уақытта үш жерден өрт шыққан еді. Тілсіз жау бір күн ішінде он мың гектар аумақты жайпап өтті. Мыңнан аса нысан күлге айналды. Барынан айырылған халық жан сауғалап үлгергеніне шүкір деп отыр.
Марк Симингтон, өрттен зардап шеккен тұрғын:
«Біз өткен түні тек отбасылық суреттеріміз бен бірнеше құнды картиналарымызды алып шығуға ғана мүмкіндігіміз болды. Дүниені қойшы, орны толар. Адамның орны толмайды ғой. Отбасым түгел аман – ең бастысы сол».
Джади Маккурди, өрттен зардап шеккен тұрғын:
«Мен осында 47 жыл бойы тұрамын. Осы жерде өстім. Сондықтан мұнда басқа өрттерді де көрдім, бірақ олардың ешқайсысы мұндай жойқын болған емес».
Қазірдің өзінде жетпіс мың адам қауіпсіз жерге көшірілген. Бірақ бұл сан арта түсетін секілді. Себебі қатты жел мен құрғақшылықтың кесірінен жылдам таралып жатқан тілсіз жауды ауыздықтау мүмкін болмай тұр. Тіпті өрт ошақтарынан ондаған шақырым жердегі Лос-Анджелес қаласын да қою түтін торлап, бүкіл жерді күл басып қалды. Ауруханалар тынысы тарылып, демікпесі қысқан адамдарға толды.
Жомарт Смат, Лос-Анджелес тұрғыны:
«Иіс өте қатты. Ғимараттарда, көліктерде күлдің іздері қалған. Менің ойымша, мұндай төтенше жағдай осыдан 4-5 жыл бұрын болған. Бірақ дәл қазіргі жағдай қалаға өте жақын. Ормандардан жабайы аңдар қалаға қарай қашып жатыр. Сақ болыңыздар деген хабарламалар да келіп жатыр».
Өрт тұтанған өңірге барған АҚШ президенті федералдық үкімет тілсіз жаудан зардап шеккен аймақты қалпына келтіруге көмектесетінін айтты. Қазір әскерилер тікұшақтарды аттандырса, өзге штаттар құтқарушыларын жібере бастады. Ал метеорологтар алдағы күндері жел күшейе түседі деп болжап отыр. Жылдамдығы сағатына 160 шақырымға дейін жетпек. Яғни, өрттің қазіргі таралу қарқыны кемі екі күн бойы бәсеңдемеуі мүмкін.
Жалғас Сәдібекұлы