«Amanat» партиясының өкілдері ірі әлеуметтік нысандардың сапалы және мерзімінде салынуын әркез бақылауда ұстайды. Оралға барған Мәжіліс депутаты Снежана Имашева жыл басында ашылған жаңа жайлы мектептің құрылысымен танысты. Қала іргесіндегі Деркөл кентінде салынған 1 500 орындық білім ұясында балалардың алаңсыз білім алуына бар жағдай жасалған. Мектеп осы аудандағы үш ауысымды оқыту мәселесін толықтай шешіп отыр. Аумағы – 15 мың шаршы метр. Заман талабына сай жабдықталған 78 кабинет, шеберханалар, спорт және акт залы, кітапхана, коуоркинг орталығы бар.
Снежана Имашева, Мәжіліс депутаты:
Президентіміздің «Ана тілі» газетіне шыққан мақаласында айтылды ғой, «Біз әлеуметтік мемлекетпіз, сондықтан осындай әлеуметтік нысандарға көп назар бөлеміз» деп. Қазір ел бойынша 200-ден астам жайлы мектеп салынуда. 105-і салынып болды. Біздің өңірде де осындай бірнеше мектеп бар. Жалпы өте жақсы, балаларға да, мұғалімдерге де. Өте сапалы салынған мектеп.
Ардақ Мұратқызы