Жетісу облысындағы Үштөбе станциясында теміржол саласында 500-ге жуық адам еңбек етеді. Солардың қатарында пойыздың қозғалысын реттеп, қауіпсіздігіне жауап беретін станция кезекшісі деген мамандық бар. Светлана Әбішева 41 жыл тапжылмай осы қызметті абыроймен атқарып, Түрксіб магистралінің тоқтаусыз жұмыс істеуіне өз үлесін қосып келеді. Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы еліміздегі мыңдаған теміржолшылардың да көңіліне медеу болды дейді кейіпкеріміз.
Бірінші күні күндізгі ауысымға, келесі күні түнгі ауысымға шығып, 48 сағат демалатын Светлана Әбішеваның осылай теміржол жағалап жауапты да сүйікті қызметін істеп жүргеніне 40 жылдан асты. Станция кезекшісі 12 сағат бойы келіп кететін жолаушылар және тауарлы поездардың қозғалысын реттейді. Олардың қай жолға тоқтайтынын белгілеп, қай вагонның қайда баратынын нақтылайды. Жол бойындағы бағдаршамдарды да қосып өшіріп отырады.
Светлана Әбішева, станция кезекшісі:
Вагондарды реттеп, орын-орнына келтіріп, қауіпсіздікті қамтамасыз етеміз, жұмысшылардың қауіпсіздігі де соның ішіне кіреді. Қазір міне жолаушылар пойызы көрінді. 32-ші жолаушылар пойызы келе жатыр. Кестемен сағат тоғызда келеді.
Светлана Наурызбайқызының әкесі де, жолдасы мен балалары да теміржол саласында. Бір қызметте 40 жылдан астам уақыт еңбек еткен тәжірбиелі маман осындағы жастарға да бар білгенін үйретуден жалыққан емес.
Самат Қалиев, станция кезекшісінің көмекшісі:
Өз ісіне адал. Коллективте өте сыйлы. Өз ақылын айта біледі. Көп бағыт бағдар береді бізге. Жақсы жағынан танып біліп жатырмыз.
Бір ғана теміржол саласының өзінде ондаған жұмысшы мамандық бар. Олар жыл он екі ай және тәулік бойы ел экономикасының күре тамыры саналатын теміржолдағы қозғалысқа бір кісідей жауапты.
Қуаныш Қанатұлы