«Астана- Щучинск» тас жолы: Жаппай жол апатына түскен көлік шығынын кім өтейді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астана- Щучинск» тас жолы: Жаппай жол апатына түскен көлік шығынын кім өтейді?

09.01.2025

«Астана- Щучинск» тас жолындағы жаппай жол апатында зардап шеккен 95 көліктің шығыны қалай өтелетіні әлі белгісіз. Ақмола облыстық полиция департаментінің мамандары «Көмек алу үшін тергеу жұмыстарының нәтижесін күту керек, жүргізушілер өздігінен көліктерін жөндейтін болса өтемақы берілмейді»,- деп отыр. Тексеріс нәтижесі шамамен 6 айға дейін созылуы мүмкін.
Ал, зардап шеккен жүргізушілер тергеу қорытындысы әділетсіз бола ма деп алаңдайды. Тіпті, жол апатына жүргізушілерді кінәлап өтемақсыз қалдыра ма деп қорқады.

Орынбасар Тұрғалы, жүргізуші:
Бағана полиция учаскесінде тергеуде болдым. Онда сені артыңнан келіп соққан көліктен шғынды өндіріп алуың керек деген секілді айтты. Мысалы мені соққан көлік туралы ешқандай ақпарат жоқ. Полициялардың өздері өзің іздеп тап дегенге келтіріп жатыр.  Ол жерде өздері айтқан қылмыстық іс қозғалу керек деп, маған зақым келген. Бірақ ешқандай іс-әрекет жоқ. Менің көлігім толығымен жарамсыз күйге түсті. Оның кредитін есептегенде шығыны 8,5 млн теңге шығады. Сақтандыру өтеп береді дегенге сенбеймін. 
Еске салайық, 3 қаңтар күні болған ірі жол апатында 100-ге жуық көлік соқтығысып, 20 адам зардап шекті, оның сегізі бала. Зақымдалған көліктер арасында қайта қалпына келтіруге жарамайтындары да бар. Осыған байланысты Ақмола облысында бір күнде жолды тазалау талаптарын қадағаламаған 14 лауазымды тұлға жауапқа тартылды. Тексеріс барысында қар тазалау жұмыстары дұрыс атқарылмайтыны, инертті материалдар үнемделетіні, мұз ойылмайтыны сынды деректер анықталды.

Серік Жұмабек

Хабарламаларға жазылу