АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласы үш күннен бері алапат өртпен күресіп жатыр. Бірақ, әзірге, оны тоқтату мүмкін болмай тұр. Өрт ошақтарының саны беске жеткен. Соның біреуі қасақана ұйымдастырылған болуы мүмкін. Бір күдікті ұсталды. Полиция оны тергеп жатыр. Соңғы мәліметтерге сай, тілсіз жау 10 адамның өмірін қиды. Мыңдаған гектар аумақ күлге айналған. Болжам көңіл көншітерлік емес. Жел күшеюі мүмкін.
Фостерлер отбасы Лос-Анджелестегі өздері армандаған үйді 2011 жылы сатып алған еді. Сол жылы көшіп барған. Баспана қазір толықтай күлге айналды.
Келли Фостер, Лос-Анджелес тұрғыны:
Үйіміздің өртеніп кеткенін көршімізден естідік. Оның үстіне видео, фотолар да тарап жатты. Алайда жолдасым өзі жұмыстан келгенше бізге оларды қарамауды өтінді. Сол себепті көрген жоқпыз.
Фостерлердің үйі Лос-Анджелестің элиталық Пасифик-Палисейдс ауданында орналасқан. Өрт бұл жердің 60 шаршы шақырымын күлге айналдырған. Голливуд жұлдыздарының көбі осы ауданда тұрады. Үйлерінен айырылып қалған америкалық әртістер қатарында Энтони Хопкинс, ерлі-зайыпты Адам Броди мен Лейтон мистер және Пэрис Хилтон бар. Калифорнияның от қаупі төнген аудандарынан Бен Аффлек, Марк Хэмилл, Мэнди Мур тәрізді жұлдыздар қауіпсіз жерге көшірілді. Тілсіз жауға байланысты АҚШ-та "Оскар" киножүлдесін табыстау тәрізді көптеген іс-шара кейінгі қалдырылған.
Соңғы мәліметтерге сай, өрт 13 700 гектардан аса аумақты күлге айналдырған. Он мыңнан астам нысанды шарпыды. 180 мыңдай тұрғынға қауіпсіз жерге кету туралы бұйрық берілді. Тағы 200 мыңдай адамға эвакуация жайында ескерту жасалған. Мұндай өрт қала тарихында болмаған. Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, алдағы күндері жел қайта күшейіп, жағдай қиындауы мүмкін.
Карен Басс, Лос-Анджелес мэрі:
Желдің күшеюіне, қуаңшылыққа байланысты өрт тез тарауы ықтимал. Жағдай әп-сәтте өзгеруі мүмкін. Лос-Анджелес тұрғындары қауіпсіздік шараларын сақтап, жергілікті шенеуніктердің нұсқауларына құлақ асуы керек. Көшу қажет де айтылса, көшіңіздер.
АҚШ президенті Джо Байден Лос-Анджелесті қалпына келтіруді федералды үкімет толықтай өзі қаржыландыратынын мәлімдеді.
Джо Байден, АҚШ президенті:
Калифорнияда жағдай қиын. Мыңдаған мектеп, кәсіп күлге айналды. Адамдардың өмірі қиылды. Федералды үкімет 180 күн бойы Лос-Анджелесті қалпына келтіруге жұмсалатын шығындарды 100 пайыз өтейді. Оған қаланы тазарту, қауіпті азайту және адамдардың өмірі мен мүлкін қорғау шаралары кіреді.
Калифорниядағы орман өртінің неден басталғаны анықталып жатыр. Лос-Анджелес округінің шерифі Роберт Лунаның мәліметінше, от қасақана қойылды деуге нақты дәлел жоқ. Оның айтуынша, тілсіз жаудан қаза тапқандардың саны көбеюі мүмкін. Себебі өрттен зардап шеккен аудандардың көбіне жету мүмкін болмай жатыр. Ал қоғамдық тәртіпті бақылауға офицерлерге Калифорния ұлттық гвардиясының сарбаздары көмекке барған. Өйткені тонау оқиғалары тіркеліп, осыған байланысты 20 адам қамауға алынды.
Арай Төлегенқызы